Атырау, 22 қазан 16:11
 дождьВ Атырау +17.5
$ 448.61
€ 503.83
₽ 5.48

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есе арттыру жоспарланып отыр

87 рет қаралды
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты 2030 жылға қарай 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Астанада өткен кездесуде «ҚазМұнайГаз» мен Қытайдың CNPC мұнай-газ корпорациясының басшылары осы және өзге де бірлескен жобаларды іске асыру барысын пысықтады.

Ішкі нарықта жанармайға сұраныс тұрақты өсіп жатқандықтан, Шымкент МӨЗ-ді кеңейту елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық мәнге ие. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталуға жақын. Арадағы келісімге сәйкес, тараптар жақын арада жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау (FEED) кезеңіне өту рәсімдерін жүргізіп жатыр.

Зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін мұнай құбырларының өткізу қабілеті де арттырылмақ:

  • Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының қуаты жылына 15 млн тоннаға дейін;

  • Кеңқияқ – Құмкөл құбырының қуаты жылына 20 млн тоннаға доин ұлғайтылады.

Тараптар аталған құбырларды кеңейтуге қажетті жобалық құжаттарды әзірлеу жөнінде де шешім қабылдады.

Сонымен бірге жиында газ өндірісін ұлғайту шаралары сөз болды. Ақтөбе облысындағы «Өріктау» кен орнында биыл жыл соңына дейін шикі газ өндірісін жылына 200 млн текше метрге жеткізу көзделген. Ал жобаның екінші кезеңі 2027 жылдың соңына дейін аяқталғанда, өндіріс көлемі жылына 1 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Өндірілген шикі газ «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа қарасты Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде өңделеді. Айта кетейік, Орталық Өріктау кен орнының газ конденсатты бөлігінің қоры 29 млрд текше метрді құрайды.

Кездесуде Қызылорда облысындағы кен орындарының сарқылуына байланысты «Қазгермұнай» мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компанияларының ресурстық базасын толықтыру жайы да талқыланды. «ҚазМұнайГаз» жүргізген геологиялық бағалау қорытындысы бойынша бұл аймақтарда жаңа перспективті жер қойнауы учаскелерін игеру ұсынылды. 

Бұдан бөлек, «ПетроҚазақстан» кен орындарынан «Қазгермұнайдың» өңдеу қуаттарына жылына 100 млн текше метрге дейін шикі газ жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бүгін, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.