
Астанада өткен Әлем кубогының кезеңінде қола медаль жеңіп алған нидерландық жүзуші Шон Ниволд қазақстандық жанкүйерлердің назарына тек спорттық нәтижесімен ғана емес, басқа да қырынан түсті.
24 жастағы спортшының Қазақстанмен тығыз байланысы бар — оның анасы Эльмира Атыраудың тумасы, деп хабарлайды Tengri Sport.
Ниволдтың өзі елге бірнеше рет келгенін, Атырау, Алматы және Астана қалаларында болғанын айтады.
«Мен Қазақстанды қатты жақсы көремін... Бұл — менің үйім», — деді спортшы.
Ниволд Нидерландыда дүниеге келген, бірақ балалық шағы әр елде — БАӘ, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Ливияда өткен. Оның айтуынша, анасы бала кезінен Қазақстанмен және нағашыларымен байланысты үзбей ұстап отырған. Спортшы өз бабаларының адай руынан екенін айтады.

Нидерландылық спортшы қазақ әуендерін тыңдайды, Қазақстанның символикасы бар киімдерді киеді және ұлттық тағамдарды — әсіресе бесбармақ, қазы мен бауырсақты жақсы көреді. Ол төрт тілді, соның ішінде орыс тілін меңгерген және қазақша кейбір сөздерді біледі.
2025 жылы Ниволд бір күні Қазақстан туы астында жарысқа шығуды армандайтынын, сондай-ақ жергілікті спортшылармен және бапкерлермен байланыс орнатып тұратынын айтқан болатын.
Дегенмен, қазір ол бұл тілегін жүзеге асыра алмайды.
«Менде тек Нидерланды паспорты бар, сондықтан Қазақстан атынан шыға алмаймын. Шыққым келеді, бірақ бұл мүмкін емес», — деп түсіндірді Ниволд.
Жүзу спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Илья Гусаков бұған дейін натурализация мәселесі едәуір күрделі екенін атап өткен еді. Оның сөзінше, құрама шетелдік спортшыларды арнайы шақырмайды, десе де Қазақстан атынан өнер көрсету мүмкіндігін өздігінен алғандар үшін есік ашық.
Шон Ниволдтың халықаралық деңгейде біраз тәжірибесі бар. Ол 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, Еуропа чемпионаттарының жүлдегері атанды әрі Нидерландының ұлттық рекордтарын орнатты. 2025 жылы Сингапурда өткен Әлем чемпионатының финалисі болды.
Астанадағы Әлем кубогы кезеңінде Ниволд өзінің жетістіктеріне еркін әдіспен 100 метр қашықтыққа жүзуде жеңіп алған қола медалін қосты.
В Атырау +17