Атырау, 21 қазан 19:05
 дождьВ Атырау +17
$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

Тағам қалдықтарын қайтсек азайтамыз?

86 рет қаралды

Атырау тұрғыны Салтанат Өмірғалиев мал өсіріп, егін егеді, жеміс ағаштарын баптайды. Сонымен қатар тағам қалдықтарын жинап, сұрыптайды. Жарамдысын мал мен құсқа азық ретінде берсе, қалғанынан компост дайындайды. Осылайша, бес жылдан бері қалдықтарды кәдеге жаратып келеді.

Бес жыл бұрын Салтанат «AtyrauEco» еріктілер қозғалысының ас қалдықтарын сұрыптау бастамасын қолдаған. Бұл қозғалыс қала тұрғындарының экология мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Оның ас қалдықтарын сұрыптаудан бөлек, жалпы қалдықтарды бөлек жинау, тазалық акцияларын ұйымдастыруды да насихаттайды. Сонымен қатар, тұрғындардың бір-бірімен өздеріне қажетсіз, бірақ пайдалануға жарамды заттарды алмастыруға арналған «Дармарка» телеграм арнасын жүргізеді.

Салтанат содан бері қозғалыстың бастамаларына қатысып келеді. Ол тұрмыстық қоқысты да бөлек жинайды. Сенбі сайын төрт баласымен бірге пластик, қаңылтыр мен қағазды қабылдау пунктіне тапсырады. Салтанаттың пікірінше, экология мәдениеті әр отбасының өз үйінен басталуы тиіс.

- Пластик бөтелкелерін тапсырамын, пивоның банкаларын көшеден жинап алып, оны да тапсырамын. 3-4 мың теңге шығады. Оған балаларға күшті сок сатып алуға болады, - дейді шаруа Салтанат Өмірғалиев.

Салтанат тұрғындардан тағам қалдықтарын аптасына бір рет, ал кәсіпкерлік нысандардан күнара жинайды. Алдын ала белгіленген маршрут бойынша жүріп, қазір 70–80 тұрғын мен бес-алты кәсіпкерлік нысанға қызмет көрсетеді. Олардың қатарында мейрамханалар, асханалар, жеке мектеп пен тұрғын үй кешендері бар.

Қалада тағам қалдықтарын бөлек жинайтын тұрғын үй кешендері бар. Бірақ өте сирек. Сол тұрғын үй кешендерінің бірі – Нұрсая ықшам ауданындағы New City және Ақ шағала ықшам ауданындағы «Английский квартал» тұрғын үй кешенінің кейбір тұрғындары. Салтанат тамақ қалдықтары келісілген уақытта алып кетеді. Жарамдысын мал мен құсқа азық ретінде беріп, қалғанынан компост дайындайды.

«Қанағат» асханалар желісісінің Атыраудағы басқарушы директоры Қуат Досжановтың Салтанат Өмірғалиевке алғысы зор. Ол асхана қалада ашылған күннен бастап осы фермермен байланыс орнатып, ас қалдықтарын бөлек жинап, өзіне тапсыруға келіскен.

Салтанаттың айтуынша, күніне 100 келіден астам тағам қалдығы жиналады. Ол жылына шамамен 60 тонна тағам қалдығын кәдеге жаратады. Оның пікірінше, осындай іске тағы он фермер қосылса, жылына қосымша 600 тоннаға жуық қалдықты полигонға жібермей, шаруашылық қажетіне пайдалануға болады. Ол үшін қалдықтарды жинап, кәдеге жарататын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау мен гранттар қажет.

Қазақстанда тағам қалдықтарын бөлек жинау мен қайта өңдеу жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Дегенмен бұл бағытта жекелеген бастамалар бар. Атыраудағы сондай жобалардың бірі – «Ас қалдық». Оны «Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Жанар Жақыпова оқушыларымен бірге қолға алған.

Жанар Жақыпова алғаш рет осы идеяны 2024 жылы Астана қаласында өткен эко-хакатон жобасында іске қосқан. Ол кезде оқушылармен бірге бір жоба жасауға екі күн уақыт берілген. Бұл осылай екі күнде іске асқан жоба. Жанар арнайы Telegram-бот арқылы жасау арқылы тұрғындар мен фермерлердің арасында байланыс орнатқан. Онда тұрғындар жиналған ас қалдығының көлемі мен мекенжайын көрсетеді. Ал фермерлер осы мәліметтер бойынша қалдықтарды жинап, мал азығына пайдаланады.

Ол алдымен өзі тұратын «K7Family» тұрғын үй кешенінен бастаған. Үйдің коммуналдық-шаруашылық Көпқабатты тұрғын үйдің коммуналдық және шаруашылық мәселелерін реттейтін басқарушы ұйыммен (ОСИ) келісіп, үйдің жанына электр желісін тартқызып, ас қалдықтарын сақтайтын тоңазытқыш орнатқан. Тұрғындар нан мен көкөніс қалдықтарын тоңазытқышқа жинайды. Ол жерде жиналған қалдықтарды қаладағы санаулы фермерлер алып кетеді.

Жанар көршілерінен өздері тамақ қалдықтарын бөлек жинап, сұрыптап тоңазытқышқа салуды өтінген. Оны көбі қолдаған.   

- «Ас қалдық» жобасы тек тұрғындарға емес, кәсіпкерлерге да арналған. Біз түрлі мейрамханалармен де жұмыс істеуге талпынып көрдік. Кейбір мейрамханалар әрине бас тарты, себебі оларды сұрыптап отыратын уақыттары жоқ екенін айтты, ал кейбір мейрамханалар бізбен қуана-қуана келісті және біз оларға «эко мейрамхана» деген ат бергіміз келген болатын. Негізі біз мейрамханалардан өте көп азық-түлік өнімдері шығатынын байқадық, - дейді Жанар.

Өзі де үйінде пластик, қағаз және органикалық қалдықтарды бөлек жинайтын ол оқушыларымен бірге ауаны тазартуға арналған мүк панельдерін әзірлеген. Бұл жобасы республикалық ғылыми конкурста бірінші орын алып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы аясында 1 миллион теңге грант жеңіп алған. Ал ас қалдықтарын жинау жобасына АҚШ елшілігінің гранты аясында 2 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Біріккен ұлттар ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 1 миллиард тоннадан астам тағам қалдығы түзіледі. Қазақстанда жыл сайын 4,5-5 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Үкіметтің 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтарды басқару тұжырымдамасында 2024 жылы шамамен 1,4-1,6 миллион тонна тағам және өсімдік қалдығы түзілгені көрсетілген. Органикалық қалдықтар полигонда шіріп, климаттың жылынуына әсер ететін метан бөледі. Тұжырымдамада қалдықтарды көму нысандарында жинақталған қалдық көлемі 48,3 миллион тоннадан асатыны да айтылған.

Атыраудағы тұрмыстық қалдықтар полигонында 3 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған. Облыста жыл сайын 250–300 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Оның 25-30 пайызы – тағам қалдығы. Ал қала полигонына жыл сайын 5 мың тонна тағам қалдығы түседі.

«Ақ жайыққа» берген жауабында экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев 2024 жылғы «Жасыл даму» АО-ның ұлттық түгендеу қорытындысы бойынша ҚТҚ басқару секторында түзілетін парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі 3 716,807 мың тонна СО₂-эквиваленті деңгейінде бағаланады.

Бұл көрсеткіш барлық ҚТҚ, оның ішінде органикалық (тамақ) қалдықтарынан бөлінетін парниктік газдар шығарындыларының жиынтық көлемін көрсетеді.

Вице-министрдің айтуынша, кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі шеңберінде Ақмола, Алматы және Атырау облыстарында тамақ қалдықтарын, оның ішінде қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі нәтижесінде түзілетін қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жылдық 3 % сыйақы мөлшерлемесімен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

Осы механизм аясында Атырау облысында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-ның тамақ қалдықтарын өндеу бойынша жобасы іске асырылып жатыр.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілі Эльмира Сыздықованың сөзінше, тағам қалдықтарын қайта өңдеу жобасының құны – 900 миллион теңге. Кәсіпорын іске қосылса, тәулігіне 30 тонна, жылына 8 280 тонна қалдық өңдей алады. Шикізатты Құлсары қаласынан және Теңіз кен орнынан жинау көзделген. Қалдықтардан мал азығы мен органикалық тыңайтқыштарды, яғни биогумус өндіру жоспарланып отыр.

Зауыт 20 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. 

Материал дайындау барысында біз қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, олардың ас қалдықтарын қайда жіберетінін сұрадық. Көбі қоқысқа тастайтынын айтты. Ауылда тұратындары мал мен итке береміз деді. Кей тұрғын нанды ғана лақтырмауға тырысатынын, қатырып, жинап, ауылға апарып тастайтынын жеткізді.

Тәжірибелік экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, Қазақстанда 3 мыңға жуық тұрмыстық қалдық полигоны бар. Жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның 40 пайызы – тағам қалдықтары. Бұл - жылына шамамен 2 миллион тонна. Тағам қалдықтарын азайту үшін экологиялық кодексте оларды компосттау және анаэробты әдіспен өңдеп, биогаз өндіру қарастырылған. Алайда сарапшының айтуынша, өңірлерде мұндай жобалар әлі іске қосылмаған.

Осы мәселені шешу үшін 2021 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Экологиялық кодексінде біз сарапшылар қауымдастығы ретінде осы жұмысқа белсенді қатысып, осы тамақ қалдықтарын өңдеуге бағытталған нормалар енгізілген. Яғни бұл тамақ қалдықтарын компосттау және тамақ қалдықтарын... анаэробтық әдіспен одан биогаз алу әдісі.

Дегенмен әлі де облыстық маңызы бар, республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде мұндай ...тамақ қалдықтарын өңдеуге бағытталған жобалар әлі іске қосылмаған. 

- Мысалы, Астана қаласында 2017 жылы осы жаңағы тамақ қалдықтарын бөлек жинап, компосттау әдісімен жаңағы өңдеу жоспары болған, бірақ әлі ол жүзеге асырылған жоқ, - дейді эколог Лаура Мәлікова.

Сарапшының пікірінше, әкімдіктер экологиялық кодекстің 29-бабына сәйкес, үш жылдық қоршаған ортаны қорғау жоспарына тағам қалдықтарын өңдеу шараларын енгізуі керек. Бұл жұмыстарды жергілікті бюджетке қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемдер есебінен қаржыландырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет. Осылайша, полигондарға түсетін тағам қалдықтарының көлемін және метанның бөлінуін азайтуға мүмкіндік береді.

- Сондай-ақ мына жаңағы санитарлық талаптарға сай емес, жаңағы 3000 полигонның 80 пайызы сай емес, осы полигондардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды да қолға алу керек. Міне осындай жүйелі іс-шаралар жасалуы керек. Және президент әкімшілігі тарапынан осы облыс әкімдерінің, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің экологиялық кодекстің талаптарының жіті орындалуын қадағалау керек, - дейді эколог Лаура Мәлікова.

Қазақстанда тағам қалдықтарын бөлек жинау мен қайта өңдеу жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Сарапшылар мәселені шешу үшін арнайы жобаларды іске қосып, жергілікті деңгейде жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін айтады. Ал шетелде бұл бағытта түрлі тәсіл қолданылады.

Әлемнің бірқатар елінде тағам қалдықтарын басқарудың түрлі тәсілдері қолданылады. Еуропаның бірнеше елінде органикалық қалдықтарды бөлек жинап, компост пен биогаз өндіреді. Мәселен, Швецияда 2024 жылдан бастап үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар био-қалдықтарды бөлек сұрыптауға тиіс. Оларды компосттау немесе анаэробты өңдеу арқылы тыңайтқыш пен биогаз алуға болады. Жапонияда тағам қалдықтарын мал азығы мен тыңайтқыш жасауға пайдаланады. Ал Оңтүстік Кореяда қалдықтың салмағына қарай төлем есептеледі.

Салтанат Өмірғалиев үшін ең басты құндылық – тазалық. Фермердің пікірінше, әр адам қалдықты үйінен бастап бөлек жинаса, полигондарға түсетін қоқыс та азаяр еді.

- Енді басты құндылық тазалық қой. Тазалық, адамның тазалығы. Душевный тазалық. Сол «душевный» таза болса адам жайлап жасай береді, - дейді шаруа.

Айнұр САПАРОВА 

Бүгін, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.