
Атырау облысында медицина мамандарына арналған жергілікті грант төңірегінде дау өршіп тұр: өңір бюджеті есебінен білім алып жатқан елу дәрігер-резидент стипендиядан мүлдем қағылғанын мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл гранттың ережелерінде стипендия төлеу қарастырылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды BES.media.
Болашақ бір салаға бейімделген мамандар әлеуметтік желіде ұжымдық үндеу жариялады. Медицина қызметкерлері ауыр өтетін түнгі кезекшілікті (сағат 17:00-ден келесі таңғы 08:00-ге дейін) есепке алмағанда, оқу және жұмыс күндері сағат 08:00-ден 16:30-ға дейін созылатынын айтты.
Мұндай тығыз кестеге байланысты жас дәрігерлер оқуды қосымша жұмыспен қатар алып жүре алмайды, сонымен бірге олар жалдамалы баспананы, жол жүруді, тамақтануды және оқу материалдарын өз бетінше төлеуге мәжбүр.
«Біз елдегі басқа резиденттермен тең жағдай жасалуын және формалды түрде құтылуды емес, мән-жай бойынша нақты жауап берілуін сұраймыз», — деді үндеу авторлары.
Шенеуніктердің ұстанымы: «Бұл шарттарға өздерің келістіңдер»
Атырау облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасына жолданған ресми сұрауға берілген жауапта жергілікті грант тек жоғары оқу орнындағы оқу құнын жабатынын, ал 2026/2027 оқу жылына 50 резидентке стипендия төлеу жоспарланбағанын растады.
Шенеуніктер талапкерлердің бастапқыда қандай жағдайға келіскендерін білгенін алға тартуда.
«Оқуға түсушілер белгіленген шарттармен келісе отырып, білім алуға өтініш берді. Қабылдау кезінде стипендияның болмайтыны бөлек пунктпен ескертілді. Бұл нормалардың барлығы университет, денсаулық сақтау басқармасы және білім алушының өзі арасындағы үшжақты шартта бекітіледі», — деп түсініктеме берді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дегенмен, ведомство студент-резиденттерді айлық төлемсіз қалдыруға рұқсат беретін нақты нормативтік-құқықтық актіні немесе заң бабын атамстан, тек грант берудің ішкі шарттарына сілтеме жасаумен шектелді.
Бюджет көлемі мен төлемдердің егжей-тегжейі жасырылды
Журналистер Атырау облысының бюджетінен бұл мамандарды даярлауға нақты қанша қаражат бөлінетінін анықтауға тырысты. Алайда денсаулық сақтау басқармасы тек оқу ақысын төлеу туралы тужырымдаманы қайталап, 2025 және 2026 жылдардағы шығындардың нақты цифрларын ұсынудан бас тартты.
Сондай-ақ аталған факт бойынша ресми тексеру жүргізіліп жатқан-жатпағаны да белгісіз күйінде қалды.
Айта кету керек, әкімдік гранттары — Қазақстан өңірлеріндегі дәрігер тапшылығы мәселесін шешудің негізгі құралдарының бірі. Алайда кейбір облыстарда жас мамандарға өмір сүру үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатса, Атырауда медицина қызметкерлері күнкөріс қаражатынсыз өмір сүруге мәжбүр.
В Атырау +16.2