
Атырау облысында биылғы тоғыз айда 153 жұмыскерге жалпы сомасы 58,5 млн теңге жалақы берешегі төленді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Кемел Иманғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, есепті кезеңде департаментке 4 645 өтініш келіп түскен. Оның 3 936-сы қаралып, 1 870 азаматтың еңбек құқықтары қорғалған.
Тексеру нәтижесінде 22 мекемеден 40,3 млн теңге жалақы берешегі өндіріліп, 62 жұмыскердің құқығы қорғалды.
Сонымен қатар жұмыс берушілермен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында тағы 91 жұмыскерге 18,2 млн теңге жалақы төленді.
Осылайша, жиынтық түрде 153 жұмыскердің алдындағы 58,5 млн теңге сомасындағы еңбекақы бойынша берешек өтелді.
Мұнымен мәселе толық шешілген жоқ. Қазір облыстағы 10 кәсіпорында 71 жұмыскерге жалпы сомасы 20,7 млн теңге жалақы берешегі бар. Департамент берешекті өтеу мәселесін бақылауда ұстап отыр.
Өңірде еңбек қатынастарын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Биылғы тоғыз айда 7 776 кәсіпорынның электрондық еңбек шарттары “Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу” жүйесіне енгізілген.
Электрондық еңбек шарттарымен қамту деңгейі 96 пайыз. Ал жүйеде тіркелген шетелдік қызметкерлердің қолданыстағы еңбек шарттары толықтай электрондық форматқа көшірілген.
В Атырау +6.2