
Атырау облысы Құлсары қаласында Республика күніне орай жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Ол 1970 жылы салынған ескі ғимараттың орнына бой көтерді.
Жаңа нысан көлемі жағынан бұрынғысынан төрт есе үлкен. Вокзал аумағында кең күту залы, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ жүк сақтау камерасы қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толықтай кедергісіз орта жасалған.
Құрылысты Eastcomtrans транспорттық-логистикалық компаниясы толықтай қаржыландырды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін әкімдік теңгеріміне өтеусіз негізде берілді.
Құлсары станциясы арқылы күн сайын 10 жолаушылар поезы (қалааралық, облысаралық және халықаралық транзиттік бағыттар) қатынайды. Вокзал тәулігіне 300-ден астам адамға қызмет көрсетеді.
«Бұл нысан — Құлсары қаласының әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес. Ғимарат ұзақ жылдар бойы жолаушылар игілігіне қызмет етсін», — деп атап өтті қала әкімі Қадыржан Адинов.
Айта кетейік, Атырау облысында бүгінгі таңда жеті теміржол вокзалы жаңартылды. Жалпы Қазақстан бойынша 124 вокзал кешенін ауқымды модернизациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +22.5 













