
«МұнайТас» компаниясы 2026 жылдың тоғыз айында «Кеңқияқ – Атырау» магистральдық мұнай құбыры арқылы 5 миллион 30 мың тонна мұнай тасымалданғанын хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп.
Тасымалданған шикізаттың негізгі бөлігі, оның ішінде 4 миллион 262 мың тоннасы отандық мұнай өңдеу зауыттарын қамтамасыз ету үшін ішкі нарыққа бағытталған. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы тоғыз аймен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ал экспорттық бағытта 768 мың тонна мұнай жөнелтіліп, өсім 32 пайызды құрады.
Сонымен бірге, есепті кезеңде «Кеңқияқ – Атырау» құбыры бойынша мұнай айналымы 2 миллиард 51 миллион тонна-километрге жетіп, былтырғы деңгейден 9 пайызға өсті.
Өндірістік көрсеткіштердің артуы ішкі нарықтағы мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету көлемінің ұлғаюымен және Энергетика министрлігінің бекітілген кестесіне сәйкес экспорттық жөнелтілімдердің көбейуімен байланысты.
«МұнайТас» Солтүстік-Батыс құбыр компаниясы» ЖШС — «ҚазТрансОйл» АҚ мен Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы бірлесіп басқаратын кәсіпорын.
В Атырау +14.9