
Облыс әкімі Болат Ақшолақов Атырауда «Самал» ықшамауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылыс жұмыстарын тексерді.
Жоба аясында «Самал» шағынауданындағы 6,7 гектар аумақта барлығы 1 152 пәтерге арналған 16 тоғыз қабатты үй салу жоспарланған. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасыновтың мәліметінше, қазіргі уақытта сегіз үйдің құрылысы жүріп жатыр.
«Direct Construction Service» ЖШС салып жатқан 432 пәтерлік 6 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, техникалық паспорттарын әзірледі. Бұл пәтерлер «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары арқылы берілмек.
Тағы 144 пәтерлік 2 үйдің құрылысы жалғасып жатыр, нысан 2027 жылдың наурыз айында тапсырылады деп жоспарланған.
Пайдалануға дайын алты үйдің алаң ішіндегі су, газ, электр және кәріз желілері толық тартылып, қазір қабылдау актілері рәсімделуде. Тұрғын үйлер қарашада ресми түрде қолданысқа беріледі.
Ал барлық 16 үйге ортақ сыртқы инженерлік желілердің 80 пайызы аяқталған. Бұл инфрақұрылым нысандарын кесте бойынша 2026 жылдың желтоқсанында толық іске қосу көзделіп отыр.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға инженерлік инфрақұрылымды уақытында аяқтауды және «Отбасы банкі» арқылы тұрғындарға пәтер бөлу процесін тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
В Атырау +9.7