
12 қазан күні кешке Қазақстанның бірнеше қаласының тұрғындары байқаған ерекше жарқыраған нысандар қытай зымыранының бөлшегі болуы ықтимал.
Мұндай болжамды Astro Astana астрономия мектебінің негізін қалаушы әрі оқытушысы Артур Гайдук ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде айтты.
Оның сөзінше, бұл — 17 қыркүйекте Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшырылған қытайлық «Куайчжоу-11» зымыран-тасығышының үшінші сатысы.
Гайдук Starvisor және Astro Alert мамандандырылған астрономиялық ресурстарының деректеріне сүйенген. Олардың мәліметінше, зымыран сатысы атмосфераға еніп, жанып кеткен.
Астрономның айтуынша, зымырандардың үшінші сатылары ұшырылғаннан кейін бірнеше апта бойы орбитада қалуы мүмкін. Биіктігі мен жылдамдығының жоғары болуына байланысты олардың орбитадан шығып, атмосферада жануы үш-төрт аптадан кейін де орын алуы ықтимал.
Оның пайымдауынша, дәл осындай нысанды Астана, Қазақстанның солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерінің, сондай-ақ Орал мен Ресейдің оңтүстігіндегі тұрғындар байқауы мүмкін.
Бұған дейін Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанай қалаларында ерекше жарқыраған нысандар байқалғаны хабарланған болатын. Әлеуметтік желілерде түнгі аспандағы жарқыраған нүкте мен оның артынан созылған жарық ізінің бейнежазбалары жарияланды.
НЛО нұсқасына қатысты сұраққа жауап берген Гайдук бұл болжамнан бас тартуға болатынын, өйткені құбылыстың ғылыми түсіндірмесі бар екенін айтты.
Астроном Қазақстанда шамамен 8 қазанда байқалған тағы бір жарық құбылысына да түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл жолы ғарыш нысаны емес, оптикалық иллюзия, яғни қаланың жарығының төмен орналасқан бұлт қабатына шағылысуы орын алған. Мұндай әсер ауа ылғалдылығы жоғары және бұлттар төмен орналасқан кезде пайда болуы мүмкін.
В Атырау +25.5