
Ленинград облысында Қызыл әскердің 173 жауынгерінің, оның ішінде отандасымыз Әмірхан Нұрмағамбетовтің сүйегін жерлеу рәсімі өтті.
«Поисковое движение России» қоғамдық ұйымының сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, соңғы екі жыл бойы Ленинград облысы Назия кентінің Александровка ауылы төңірегінде ауқымды іздеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда Волхов майданының түрлі медициналық-санитарлық мекемелерінде, оның ішінде ауыл маңында орналасқан 117-ші далалық жылжымалы госпитальда (ДЖГ) жарақат пен аурудан қайтыс болған Қызыл әскердің 278 жауынгері мен командирінің сүйегі табылды.
Бүгінгі таңда тек 51 жауынгердің есімін анықтау мүмкін болғаны хабарланады. Олардың арасында екі қазақстандық бар: Сырдария аудандық әскери комиссариаты (АӘК) шақырған Ілияс Оспанов және Гурьев облысы Есбол ауданынан (қазіргі Атырау облысы Индер ауданы) Әмірхан Нұрмағамбетов.
«Память народа» порталының мәліметтеріне сәйкес, қызыләскер Әмірхан Нұрмағамбетов (құжаттарда есімі мен тегінің басқаша жазылу нұсқалары да кездеседі: Амиркан Нурмаганбетов, Амиржан Нурмагомбетов) 1897 жылы туған. Партияда жоқ, Гребенщиков ауылдық кеңесінде тұрған, некеде болған. Зайыбының есімі – Сағида. Екі құжатта Есбол ауданы Толыбай ауылдық кеңесінің Красин атындағы ұжымшары да көрсетілген.
1942 жылдың басында ол Есбол ауданынан шақырылған әскерге алынушылар тобымен бірге 92-ші қосалқы атқыштар полкінде дайындықтан өткен. 1267-ші атқыштар полкінде қызмет еткен қызыләскер Нұрмағамбетов 1943 жылғы 27 наурызда ішінен жараланып, 6 сәуірде 117-ші ДЖГ-де қайтыс болды. Ол Александровка ауылынан солтүстік-батысқа қарай 1200 метр жердегі №11 қабірге жерленген.
Қоғамдық ұйымның баспасөз қызметінің көмегімен тілшіміз «Судьба» іздеу отряды командирінің орынбасары Наталья Буриловамен байланысып, қосымша ақпарат алды.
Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысы жылдарында іздеу жұмыстары жүргізілген аймақ Волхов майданының 8-ші және 54-ші армия әскерлерінің таяу тылында болған. Бұл жерде әлі күнге дейін табылмаған, бұрын жоғалған әскери қорымдар (негізінен госпитальдық) өте көп.
1950-60 жылдары КСРО-да жауынгерлердің сүйегін шашыраңқы қабірлерден бір жерге қайта жерлеу және үлкен мемориалдар құру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ қорымдардың көбі көшірілмей қалды, ал уақыт өте келе олардың іздері өшіп кетті.
Мұндай қорымдар бүгінде жойылып кеткен, тек бірнеше үй ғана қалған Александровка ауылының маңында да болған. Айналасы – жүріп-тұруға қиын жерлер, орман мен батпақ қоршаған жер.
«Іздеуді бастаған кезде қорымдардың Волхов майданының бір емес, бірнеше медициналық-санитарлық бөлімшелеріне тиесілі екенін түсіндік. Былтыр біз 105 сарбаздың, ал биыл тағы 173 сарбаздың сүйегін таптық. Осы бағытта қандай бөлімшелер орналасқанын анықтау үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің әскери-медициналық құжаттар филиалында жұмыс жүргізілді. Осылайша 117-ші ДЖГ-де жарақат пен ауруына байланысты қайтыс болған жауынгерлердің жерленген жері туралы сипаттаманы растайтын схема табылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр, – дейді Наталья Бурилова. – Өкінішке қарай, соғыс кезінде де, соғыстан кейін де жауынгерлердің тегі мен есімдері көбіне қате көрсетілген. Сондықтан өңдеуіміздегі басты міндет – есімдерді анықтап қана қоймай, ескерткішке қатесіз жазу үшін олардың дұрыс жазылуын нақтылау».
«Ақ Жайық» редакциясы Есбол ауданына қатысты соғыс жылдарындағы құжаттарды іздеу мақсатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке (облыстық әскери комиссариат) сұрау салды.
Біз майдангер Нұрмағамбетовтің ұрпағы хабарласады деп үміттенеміз. Байланыс е-mail: guzikov78@gmail.com.
Лев ГУЗИКОВ
Сурет ВКонтакте желісіндегі «Поисковое движение России» парақшасынан алынды
В Атырау +25.2 

