Атырау, 13 қазан 11:54
 дождьВ Атырау +15.2
$ 451.31
€ 504.56
₽ 5.36

Түнгі мафия: Атырауда түнде тараған иісті күндіз анықтау мүмкін бе?

72 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

12 қазанға қараған түні Атыраудағы автоматты ауа мониторингі посттары тағы зиянды заттардың шектен тыс көбейгенін тіркеді. Санитариялық қызметтер тексеру кезінде ластанудың әлдеқашан тарап кететінін мойындаса да, сынама алмақ.

AirKZ қосымшасының мәліметінше, түнгі сағат 03:00-де «Восток» шағынауданында күкіртсутек концентрациясы 34,2 мкг/м³ жетіп, рұқсат етілген нормадан 4,3 есе асып түскен. Дәл осы уақытта Самал ықшамауданында көміртек тотығының мөлшері 8995 мкг/м³ немесе 1,8 ШШК құрады. Мониторинг картасында бірнеше нүкте қауіпті қызыл түске боялды.

«Глобус» эколого-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Чернова посттардың орналасқан жерін зерттей келе, түндегі күкіртсутекпен ластану кәріз сорғы станциялары мен «Квадрат» булану тоғанына қатысты болуы мүмкін деген болжам жасады.

«Өндірістік қалдық суларды түн жамылып, жасырын түрде ағызған сияқты», – деп жазды ол Threads желісінде және эколого-санитариялық қызметтерді түнгі рейд ұйымдастыруға шақырды.

Алайда картадағы тек қызыл белгілер арқылы кім кінәлі екенін анықтау мүмкін емес. Бұл жерде өмірден алынған қарапайым мысал еріксіз ойға оралады.

Жоғарғы қабаттарға баяу көтеріліп келе жатқан адамға толы лифтті елестетіп көріңізші. Кеше барлық жолаушы бұршақ сорпасын ішкен екен, міне, біреуі ауаны бұзып жіберді. Көздері бірден ең ірі жолаушыға қадалады, алайда шын мәнінде бұған кез келген адам, тіпті ең кішкентай әрі сырттай зиянсыз көрінген жолаушы да кінәлі болуы мүмкін.

Атырау ауасының жағдайы да дәл осыған ұқсайды. Біреулер АМӨЗ-ді күдікті санаса, басқалары «Квадрат» пен қалалық КНС-терді көрсетеді. Бірақ кәсіпорынның ауқымы да, нысанның жаман атағы да өздігінен ештеңені дәлелдемейді. Шын мәніндегі ластаушы көз жұрттың назарынан тыс қалып қоюы да әбден мүмкін.

Оның үстіне, бұлардың бәрі Атырау мұнай өңдеу зауытынан анықталған экологиялық бұзушылықтар бойынша сот талқылауы аясында өтіп жатыр. Кәсіпорын экологтардың шағымдарының бір бөлігін даулап жатыр, алайда оның 12 қазанға қараған түні ауаның ластануына қатысы бары әлі дәлелденген жоқ.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Ақ Жайыққа» бұл аптада Ұлттық сараптама орталығының мобильді зертханасы жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Мамандарға ауа сынамасы алынатын нүктелер әлдеқашан көрсетілген.

«Иә, түске дейін бәрі тарап кететін шығар, бірақ бәрібір сынама алынады», – деп түсіндірді ведомстводағылар.

Бұл ескертпеде, сірә, болып жатқан жағдайдың бар ирониясы жатқан болар. Аспаптар ластануды түн ортасында тіркейді, ал мамандар зиянды заттардың концентрациясы қалыпты жағдайға оралған уақытта – кейін зерттемекші. Мұндай өлшеулер тексеру кезіндегі ауаның жағдайын көрсетеді, бірақ түнгі қалдықтардың шығу мән-жайын анықтауға көмектесе қоюы екіталай.

Автоматты посттар ластануды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Алайда түнгі уақытта дабыл сигналдарын кім қабылдайтыны, мамандардың дереу шығуы қарастырылған ба және сынамалар неліктен шектен шығу сәтінде тікелей ұйымдастырылмайтыны белгісіз.

Нәтижесінде, болжамды түнгі ластаушы қандай да бір ерекше айлакерліктің арқасында емес, оны іздеу жұмыстары іздері жоғалған соң басталғандықтан ғана анықталмай жүруі мүмкін.

Қала жолаушылардың қайсысы ауаны бұзғанын болжап әлек болғанша, нақты кінәлі үшін ең қолайлы жол – бәрінің бір-бірінен күдіктенуін жалғастыра беруі. Өйткені «Мафия» ойынынан айырмашылығы, мұнда ешкім таң атса да мойындауға міндетті емес.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 09:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.