
Астанада Қытайдан FAW маркалы жүк көліктерін заңсыз әкелу схемасына қатысқан үш адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды.
Сот анықтағандай, көліктер іс жүзінде «Еуро-2» экологиялық класына сәйкес келген. Алайда кедендік рәсімдеу кезінде олар «Еуро-5» стандартына сай деп көрсетілген. Ол үшін жалған мәліметтер қамтылған құжаттар пайдаланылған.
2023 жылғы ақпаннан мамырға дейін «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі әкелінген. Олардың жалпы кедендік құны 285 млн теңгені құраған.
Кейін көліктер коммерциялық құрылымдар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жеткізілген. Жеткізілімнің жалпы құны 605 млн теңге болған.
Сот үш айыпталушыны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса ірі мөлшерде экономикалық контрабанда жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар сотталғандардан контрабанда нысанасының құны ретінде мемлекет кірісіне 285 млн теңге ортақ жауапкершілік тәртібімен өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
В Атырау +21