
Қазақстанның Бас прокуратурасы психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Тергеу мәліметінше, ер адам Алматыда және еліміздің басқа өңірлерінде мефедрон өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық еткен.
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2021 жылдан бастап қылмыстық әрекетке ақшаға мұқтаж адамдарды тартқан. Топ мүшелері әртүрлі міндеттерді атқарған: психотроптық заттарды өндіріп, тасымалдаған, өлшеп орап, таратқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестіріліп отырған.
2024 жылы Алматыда топ жетекшісінің нұсқауымен бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған.
Олардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде топтың екі мүшесі ауыр химиялық улануға ұшырап, қайтыс болған. Соған қарамастан, тергеу мәліметінше, топ өз қызметін жалғастырып, жұмысқа жаңа адамдарды тартқан.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныс құралдары және дайын өнім табылды.
2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей аумағында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ер адам тергеу изоляторында отыр.
Оған тағылып отырған қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оның кінәлі немесе кінәсіз екеніне түпкілікті бағаны сот береді.
В Атырау +21