
Атырауда Республика күніне орай 23 мыңға жуық азаматқа біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлемді алу үшін өтініш беру талап етілмейді.
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысының орынбасары Құралай Тілеумағамбетованың сөзіне сілтеме жасап Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, біржолғы әлеуметтік көмек 18 жастан асқан I, II және III топтағы мүгедектігі бар 22 996 азаматқа көрсетіледі.
Мерекеге орай берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішті, яғни 86 500 теңге. Қаражат белгіленген тәртіпке сәйкес көмек алушылардың есепшоттарына аударылады.
– Біржолғы әлеуметтік көмек мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және мерекелік күн қарсаңында материалдық тұрғыдан қолдау мақсатында көрсетіледі. Мұндай көмек 2021 жылдан бері беріліп келеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да қолдау қарастырылған. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға мамыр айында да осындай көмек көрсетілді, – деді Қ. Тілеумағамбетова.
В Атырау +23.5