Атырау, 21 желтоқсан 09:52
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

4 108 просмотра

Көріпкелсіз көрініп тұр

2 қарашада футболдан ел чемпионатының соңғы 32-туры матчтары өтті.

Ел чемпионы – «Ақтөбе», «күмісті» жас команда – «Астана», «қоланы» алматылық «Қайрат» ұтып алды. Ал «Атырауға» келетін болсақ, командамыз 8-орынға түбегейлі табан тіреді және соңғы сырт алаңдағы оралдық «Ақжайықпен» болған ойын еш нәрсені шешпеді. Ал Премьер-лигада қалу үшін «Жетісу», «Тараз» және «Восток» командаларымен бірге жанталасып жатқан алаң иелері үшін тек жеңіс керек болды (басқа ойындардың нәтижесі бойынша элиталық топта қалуға мүмкіндік болған).

Ойынның нәтижесі осындай болатынына ешкім күмәнданбаған болар. 6-минутта оралдық Николай Забродин есеп ашты, 60-минутта Еркін Тапалов екінші голды соқты, ал Недо Туркович 83-минутта қорытынды нәтижені белгіледі, есеп – 3:0, «Ақжайықтың» пайдасында. Алайда жеңімпаздардың қуанышы ұзаққа бармады – қатар өтіп жатқан матчтарда «Жетісу» «Тобылды» 1:0 есебімен ұтса, «Тараз» бен «Восток» тең ойнады – 1:1. Премьер-лигамен «Восток» және «Ақжайық» қоштасады.

***

 

Прокурорлар волейболы

«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде батыс облыстары бойынша прокуратура командалары арасында ҚР Бас прокурорының кубогі үшін волейбол және мини-футболдан іріктеу турнирлері өтті.

Волейболдан өткен жарыста Атырау қаласы прокуратурасының командасы ақтөбелік және маңғыстаулық әріптестерінен кейінгі 3-ші орынды иеленді. Мини-футболдан алаң иелері 1-ші орынды жеңіп алды. Атырау қаласы прокуратурасының қызметкері Руслан АБИРОВ волейболдан «Үздік ойыншы» атанды. 

***

 

Лайықты шәкірттер

Облысымызға бұған дейін танымал болған палуан, дзюдодан өткен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Мейіржан Есмағамбетовтің шәкірттерінің есімдері де бүгінде көпке таныла бастады. 

Бішкекте өткен халықаралық турнирде 70 келіге дейінгі салмақ бойынша Эльмира Самиғоллаева (суретте) алтын медаль иеленді.  Ол 4 рет болған жекпе-жекте де жеңіске жетті. Айболат Ыстыбай да Теміртауда өткен «Магнитка оттары» халықаралық турнирінде өзінің шеберлігін көрсете білді. Ол 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 4 рет алаңға шығып, қарсыластарынан басым түсті. Алайда, ақтық сайыста жеңіліп, күміс медальды еншіледі.

***

 

Мәреде жерлестер белдесті

Қарағанды облысы Шет ауданының құрметті азаматы Закир Көпжоловты еске алуға орай 1997-98 ж.т. жасөсіпірімдер арасында самбодан өткен халықаралық турнирден Атырау қаласының №1 спорт мектебінің тәрбиеленушілері екі алтын медальмен оралды. 

48 келіге дейінгісалмақ бойынша белдескен Қайырберді Айдымбай шеберлік танытты. Ақтық жекпе-жекте ол облыс құрамасы бойынша өзінің серіктесі Ерсін Сиғуатовты тізе бүктірді, сөйтіп алтын жүлдені қанжығасына байлады. Біздің құраманың қоржынына екінші алтынды 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Парасат Жұмабай салды. Дәурен Болатбекұлы қола жүлдегер атанды.

***

 

«Газельдерді» тарту етті

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН «Мүгедектердің спорт клубы» КМК-ның басшылығына үш «Газель» автокөлігінің кілтін тапсырды.

Облыстық әкімдік тек көлікті сыйға тартумен ғана шектеліп қалмады, сондай-ақ, барлығы 17 млн теңгеге шыққан үстелдер және үстел теннисімен айналысуға арналған робот-тренажерды, кешенді керек-жарақты, пауэрлифтингке арналған жабдықты тарту етті.  Ш.Мұқанның айтуынша, 2008 жылы  қаңтарда Атырауда Қазақстан бойынша  алғаш рет мүгедектердің облыстық клубы құрылды. Клубта 10 спорт секциясы ашылды: отырып ойнайтын волейбол, үстел теннисі, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, дойбы, шахмат. Үстіміздегі жылы оның қатарына жүзу, садақтан ату және арбадағы би қосылды. 2011 жылы Қазақстан құрамасы отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионы атанды. Құраманың басым бөлігі осы «Мүгедектердің спорт клубы» КМК мүшелерінен құралған. Клуб директоры  Бауыржан ТАХАУОВТЫҢ айтуынша, енді бұл «Газельдермен» адамдарды үйлерінен жаттығуға әкеліп отыратын болады. Соған сәйкес клубта спортпен айналысам деушілердің де саны артатыны сөзсіз.

***

 

Педагогикалық турнир

Спорт және дене тәрбиесін дамыту орталығы және облыстық білім беру мекемелері қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен «Мұнайшы» стадионында облыстың жалпы білім беретін мектептері мұғалімдерінің спартакиадасы өтті.

Жарыстың бағдарламасына волейбол, гандбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмет пен тоғызқұмалақ сайыстары енгізілді.  Жиналған ұпайлар есебі бойынша 1-ші орынды Құрманғазы ауданының командасы, 2-ші орынды Исатай ауданы, үшінші орынды Атырау қаласының командасы иеленді. Жеңімпаз командаларға «Samsung» плазмалық теледидарлар тарту етілді. Құрмет грамоталарымен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Болатбек ШУРИН мен Қайрош Молдағалиев (УПК) марапатталды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.