
Атырау облысында «Магистралды су құбыры» ЖШС топырақты ластағаны үшін салынған 334,1 миллион теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлды мемлекеттік бюджетке толық өтеді. Кәсіпорын салынған айыппұлмен келіспей сотқа шағымданғанымен, екі инстанцияда да жеңіліп қалды.
Бұған дейін Атырау облыстық Экология департаменті тексеру жүргізіп, кәсіпорынның ластанған топырақ қалдықтарын жинауда белгіленген шекті лимиттерді асыра бұзғанын анықтаған еді. Осы факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес іс қозғалып, тиісті хаттама толтырылды.
Алайда «Магистралды су құбыры» ЖШС экологтардың қолданған шараларымен келіспей, сотқа арызданған. Істі алдымен Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты, кейін Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, компанияның шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімдері арқылы кәсіпорынның заңбұзушылыққа жол бергені толық дәлелденді. Қазiргi уақытта 334,1 миллион теңге көлеміндегі айыппұл толығымен өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылды.
В Атырау +10.2