Атырау, 23 қараша 16:29
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өмір гүлі

3 518 просмотра

Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты республикалық фестивальде атыраулық «Өмір гүлі» ансамблі сәтті өнер көрсетті.

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕГІ АСУ

Фестиваль бірнеше номинация бойынша ұйымдастырылды. «Үздік орындаушы» атағын (1 орын) жылыойлық Нұрхат КӨБЕЕВ жеңіп алды. Ал, «Үздік би» номинациясы бойынша кішкентай Ақерке БОРАН үздіктердің қатарынан көрініп, 2 орын иеленді. Нұрхат - республикалық «Айгөлек» фестиваліне қатысушы, өзі мүмкіндігі шектеулі болғанымен, фестивальде дені сау балалармен бақ сынасты. Ол балалар сал ауруына шалдыққан. Ал Ақерке осы сайысқа қатысу үшін арнайы костюм тіктіріп, астаналық көрерменді шығыс биімен таң қалдырған. «Ақылдылар» номинациясы бойынша Жансая БИЛЯШЕВА үшінші орынды иеленді.

Нұрхат арнайы жеңімпаз мүсін өнері туындысымен бірге 350 000 теңгенің сертификатына ие болды. Ақерке 2 орын үшін 250 000 теңгені иеленді, үшінші орын жеңімпаздарына 150 000 теңге табысталды. Мұнымен қатар сайысқа қатысқан барлық балаға планшет тапсырылды.

«Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Тыныш ЖАКУПОВА балаларды Астанаға өзі бастап апарып келген. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың ансамблін құру туралы ойдың осыдан 4 жыл бұрын ұйымдастырылған бір қайырымдылық кешінде ән салып тұрғанда келгенін айтады. Ансамбль 2009 жылдың қазан айында құрылған. Екі апта ішінде құрылған 19 адамнан тұратын ұжымға сол кезде Аджип компаниясы музыкалық құрал-жабдықтар, аппаратура мен арнайы киім-кешек алып берген.

- Дайындықтарға, концерттерге шыққан кезде көліктің жоқтығы біраз қиындықтар тудырады. Сондықтан, бізге автобус өте қажет, - дейді Тыныш Жакупова. – Облыс әкімі де бізге бұған көмектесеміз деп уәде берді. Жалпы, өтетін жарыстарға, конкурстарға баруға демеушілік көрсететін жандар бар.

«Өмір гүлі» биылдың өзінде қаладағы қарттар, жасөспірімдер, жетімдер үйіне барып концерт қоюмен қатар қыркүйек айында Махамбет селосында ұйымдастырылған ретро-фестивальге қатысты. Онда ансамбль ішінен құрылған «Жаса» тобы Дос-Мұқасанның репертуарынан «Қайдасың?», «Синяя птица» тобының «Синий иней», Шәмшінің «Арыс жағасында», «Ласковый май» тобының «Розовый вечер» әндерін орындады. 

 

ТЫНЫШТЫҢ СТУДИЯСЫ

Тыныш үйінің бір бөлмесін арнайы дайындық бөлмесі етіп жасақтап, дауылпаз, синтезатор мен гитаралар, микрофондар мен дыбыс зорайтқыштар орнатыпты. 16 жасар Наурызбек САТПАНОВ гитарада ән салып жатты. Өзі ансамбль құрамына 5 ай бұрын келген екен. 

- Өзім 4 сыныптан бастап гитарада ойнауды үйрендім, арнайы музыкалық білімім жоқ, бәрін құлақпен есту бойынша ойнаймын, бірақ қазір Тыныш апай маған ноталарды үйретуде. Жақында өзіме арнап гитара сатып алдым,- дейді Наурызбек. Мектепті аяқтаған соң қаладағы Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне оқуға түсуді армандайды.

- Ансамбльде қазіргі уақытта 6 жастан 70 жасқа дейінгі адамдар бар. Өз қалауымен келіп, ниет білдірген жандарды әрқашан қабылдаймыз. Мен бұл жандардың қатарларынан қалмай, өз мүмкіндіктерін барынша көрсетулеріне көмектескім келеді,- дейді Тыныш.

Ансамбльге жетекшілік ете жүріп Тыныштың өзі де тыным таппайды. Осы жылдың мамырында Таразда өткен тірек-қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен мүгедек спортшылар арасындағы еліміздің IV спартакиадасында үстел үсті теннисі бойынша жүлделі 1 орынды иемденген. Сонымен қатар жүзу спортынан да тәуір табыстарға жетіп жүр. Әрі музыкалық аспаптың бірнешеуін меңгерген жан. Ол мектеп кезінде домбыра сыныбын аяқтаған, бірақ арнайы музыкалық білімі жоқ, дегенмен ол домбырада, баянда, гитарада, дауылпазда, синтезаторда ойнайды.

Қазір ансамбль жанынан ұлттық аспаптар ансамблі құрылған екен. Оның құрамында 2 домбыра, 2 сырнай, қобыз және прима аспаптары бар. Сырнайда мүгедек арбасында отыратын мүмкіндігі шектеулі жандар ойнайды.

Жуырда қаламызда Халықаралық мүгедектер күніне орай үлкен концерт жоспарланған, ансамбль қазір соған дайындық үстінде.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

14 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.