
«Атырау Жарық» ЖШС Атырау қаласының сол жағалау бөлігін электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мақсатында жүйелік оператор «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін жүргізді.
Компания хабарлағандай, жазғы кезеңде Қазақстан Республикасының Батыс өңірінде электр қуатының тапшылығы туындаған кезде Л-1Ц және Л-5Ц қосылымдарында С.А.О.Н. аварияға қарсы автоматикасы іске қосылатын. Соның салдарынан тұтынушылардың бір бөлігі қуат көзінен ажыратылатын.
Атап айтқанда, «Балықшы», «Стройконтора», «Сельстрой», «СМП-136», «Химпоселок», «Торговая база», «Жилгородок», «Сырым Датов», сондай-ақ, Томарлы, Көктем, Жұлдыз, Ақсай-2, Огородный, Первый участок елді мекендері мен шағынаудандарында және Чехов, Уәлиханов, М. Өтемісов (ішінара), Ақ Депо (ішінара), Абай, Центральный, Тельман, Азаттық (ішінара), Гурьевский, Шолохов, Полынин, Абдрахманов, Ельшибек, Мясокомбинат, Алмагүл, С. Бейбарыс (ішінара), Атамбаев, Молдағалиев, Смағұлов, Шарипов, С. Мұқанов, Водозаборная, Толқын шағынауданы, Мирный, Маслопром, Гайдар, Әуезов, Құрсай аумақтарындағы тұтынушылар жарықсыз қалатын.
Аталған аумақтарды электрмен жабдықтау аймағында 6065 жеке және 983 заңды тұлға бар. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар нысандар, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, сондай-ақ электр плиталарымен жабдықталған және газбен жабдықтаудың баламалы көзі жоқ көппәтерлі тұрғын үйлер орналасқан.
Электр желісінің жұмыс режимдеріне жүргізілген талдауды ескере отырып және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мақсатында 2026 жылғы 5 қазаннан бастап аталған қосылымдардағы С.А.О.Н. аварияға қарсы автоматика ажыратылды.
«Атырау Жарық» ЖШС қабылданған шешім Батыс өңірінің энергия жүйесінде қуат тапшылығы және авариялық режимдер туындаған жағдайда Атырау қаласының сол жағалау бөлігіндегі тұтынушыларды электр энергиясынан ажырату қаупін төмендетуге бағытталды деп түсіндірді.
Компания электр желілерінің сенімділігін арттыру және Атырау қаласының тұрғындарын тұрақты әрі сапалы электрмен жабдықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.
В Атырау +20.1