Атырау, 6 қазан 12:55
 дождьВ Атырау +13.8
$ 454.98
€ 509.53
₽ 5.37

«Малибу» жағажайы, мұз айдыны мен роллердром: Ретросаябақ қалай өзгереді?

Бейнежазба
74 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Атырауда Ретросаябақ, Тұрғындар қалашығы саябағы және Жайық жағалауындағы 13 гектарға жуық аумақ біртұтас заманауи демалыс аймағы болып қайта құрылады. Облыс әкімі Болат Ақшолақов бейінді мамандармен бірге нысандарды аралап, жаңғырту жобасының ұсыныстарымен танысты.

Ауқымды жоба Ретросаябақты, Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінің айналасын, жасыл аймақтарды, «Малибу» жағажайы мен өзен жағалауын қамтиды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары мен жарықтандыру жүйесі жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптасады. Сонымен бірге балалар мен спорт алаңдары, жүгіру жолақтары салынып, амфитеатр реконструкцияланады.

Жоба аясында көпірдің асты да абаттандырылып, скейт-алаң мен стритбол ойнайтын аумақ жасалады. Саябақ ортасынан ауданы 0,52 гектар болатын мұз айдынын салу ұсынылды. Бұл нысан қыста коньки тебуге, ал жазда роллердром ретінде пайдалануға арналады. Келушілер үшін кафелері мен террасалары бар арнайы гастрономиялық аймақ та қарастырылған.

«Малибу» жағажайы тұсындағы жағалау кеңейтіліп, көркейтіледі. Мұнда жаңадан пирс салынып, қосымша ағаш көшеттері отырғызылады. Құрылыс басталмас бұрын аумақтағы барлық ағаштарға инвентаризация жүргізіледі. Мамандар сау ағаштарды барынша сақтап, тек қураған әрі кәрі ағаштарды санитарлық жолмен отауды немесе алмастыруды жоспарлап отыр.

Құрманғазы атындағы Мәдениет үйі де саябақтың жалпы тұжырымдамасына енеді: ғимарат айналасындағы қоршаулар алынып, алды абаттандырылады және саябақ аумағымен біріктіріледі. Сонымен қатар бұл қоғамдық кеңістікте мәдени іс-шаралар, көрмелер мен спорттық жарыстарды тұрақты өткізу үшін арнайы кесте бекітіледі.

Бүгін, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.