Атырау, 6 қазан 12:46
 дождьВ Атырау +13.8
$ 454.98
€ 509.53
₽ 5.37

2027 жылы «Chevron» компаниясында басшылық ауысады

83 рет қаралды
Көрнекі сурет/Canva
Көрнекі сурет/Canva

Американдық «Chevron» мұнай-газ корпорациясы жоғары басшылықтағы ауқымды ауыс-түйістер туралы хабарлады. Өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, делінген компания хабарламасында.

Негізгі тағайындаулардың бірі мұнай-газ бағытына қатысты. «Chevron» компаниясының қазіргі қаржы директоры Эймар Боннер (Eimear Bonner) Oil, Products & Gas бөлімшесінің президенті болады. Ол компанияның бүкіл өндірістік тізбегі бойынша қызметіне, капиталды бөлуге, активтерді басқаруға және бизнес тиімділігін арттыруға жауап береді.

Оның қаржы директоры лауазымын қазіргі уақытта New Energies бағытын басқаратын Джефф Густавсон (Jeff Gustavson) иеленеді. Жаңа қызметінде ол «Chevron» компаниясының аудитіне, бухгалтерлік есебіне, инвесторлармен байланысына, салыққа, қазынашылыққа және жаһандық бизнес-жоспарлауға жетекшілік етеді.

Өзгерістер жаңа энергетикалық бағыттардың басшылығына да әсер етеді. Offshore президенті Брент Грос (Brent Gros) 2027 жылдың басынан бастап New Energies бөлімшесін басқарады. Оның басқаруына «Chevron» компаниясының төмен көміртекті бағыттары, соның ішінде сутегі, электр энергетикасы, көміртекті ұстау, көміртекті өтемақылар және биоотын өтеді.

Бұдан бөлек, Грос «Chevron» компаниясының жасанды интеллект саласындағы стратегиясына жауап беретін болады. Компания ЖИ-ді операциялық тиімділікті арттыру, шығындарды азайту, қосымша құн құру және инновацияларды дамыту үшін пайдалануды көздейді.

Қазіргі уақытта вице-төраға және Oil, Products & Gas атқарушы вице-президенті лауазымдарын атқаратын Марк Нельсон (Mark Nelson) вице-төраға лауазымын сақтап қалады, бірақ назарын стратегия мен бизнесті дамытуға аударады. Оның міндеттеріне «Chevron» портфелін кеңейтудің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың және ұзақ мерзімді өсудің жаңа мүмкіндіктерін іздеу кіреді.

«Chevron» басшысы Майк Вирт (Mike Wirth) жаңа басшылардың операциялық тәжірибе мен стратегикалық пайымды ұштастыратынын мәлімдеді.

«Олардың тәжірибесі, шешім қабылдау қабілеті және жоғары нәтижелерге ұмтылысы «Chevron» компаниясына құбылмалы энергетикалық нарық жағдайында табысты позицияларын сақтап қалуға көмектеседі», — деп атап өтті ол.

Барлық жарияланған кадрлық өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бүгін, 11:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.