
Атырауда жыл сайын 5 қазанда аталып өтетін Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – білімнің шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов педагогтерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне, білім беру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесіне алғыс айтты.
Оның айтуынша, ұстаздық – жай ғана қызмет емес, бұл – ел болашағына тікелей әсер ететін ұлы миссия.
«Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал сол жас буын сіздер берген білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасады», - деп атап өтті өңір басшысы.
Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатырғанын атап өтті ол. Қазіргі заман талабына сай жаңа «Келешек мектептер» салынып, ескі мектептер жөнделу үстінде. Мұғалімдерге жаңа талаптарға сай біліктілік арттыру, жаңа оқыту әдістемелерін меңгеру сияқты маңызды шаралар қолға алынған.
Салтанатты шара барысында Президент Жарлығымен бірқатар педагог білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Атырау қаласының еңбек ардагері, композитор, 44 жылдық еңбек өтілі бар білікті педагог Қоса Мұқаш білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденімен наградталды. Ол Жамбыл атындағы балалар музыка мектебінің құрылуына атсалысып, оның алғашқы директоры болды. Ұжымда көп жыл еңбек етіп, көркемдік жетекші әрі оркестр дирижері қызметтерін атқарды. Ол — балалар мен музыка мектептеріне арналған ғылыми-әдістемелік құралдар мен әндер жинақтарының авторы. Еңбектері республика көлемінде кең таралған. Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, республикалық композиторлар байқауының дипломанты. Шығармалары Атырау өңірінің әндері мен күйлерінің антологиясына енген.
Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Мұстахима Серікбаева «Құрмет» орденімен наградталды. Ол бірқатар әдістемелік бағдарламаның авторы, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сынақтан өткізу жұмыстарына белсенді қатысады. Сонымен қатар «Құрмет» орденімен Атырау қаласындағы «Тағылым» ЖШС директоры Рулана Атласқызы Исенғұлова наградталды. Ол әр жылдары облыстық білім беру жүйесіндегі интернаттық мекемелерде бас маман, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның және Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназияның директоры қызметтерін атқарды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Жылыой ауданындағы №3 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Жанар Жиенқұлова, Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Шварц, Қызылқоға ауданы Қаракөл орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Алмагүл Ғалиева және сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларға арналған Атырау облыстық №3 арнайы мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Майра Омашева наградталды.
Сондай-ақ ұстаздарға «Еңбек ардагері» медалі, Ы. Алтынсарин, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері және облыс әкімінің алғысхаттары табысталды.
2026–2027 оқу жылында облыстағы 235 орта білім беру ұйымында 20 369 педагог еңбек етіп, 155 500 оқушы білім алып жатыр.
Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
В Атырау +13.8 
















