
2 қазанда «Авангард-2» ықшамауданындағы №19 орта мектепте өрт дабылы іске қосылды. Белгілі болғандай, бұған балалардың Мұғалімдер күніне орай ұстазға мерекелік тосынсый жасағысы келіп сыныпқа алып келген пиротехникасы себеп болған.
Мектеп директоры Ернар МУСИННІҢ айтуынша, алтыншы сынып оқушылары гендер-патиде қолданылатын түтін шашкасын конфеттидің бір түрі деп ойлап қалған.
— Сынып жетекшілері де бұдан хабарсыз болған. Дабыл іске қосылғанда ғана білді. Балалар мұны білместіктен істеген, олар тек мұғалімді құттықтағысы келген, — деді директор.
Адамдар мектеп ғимаратынан эвакуацияланды, оқиға орнына ТЖД қызметкерлері келді. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Ернар Мусиннің айтуынша, оқиғадан кейін мектеп өкілдері полиция мен ТЖД-ға түсініктеме берді.
Бұған дейін қалалық білім бөлімі оқиға қорытындысы бойынша мектеп басшысына әкімшілік ескерту жасалғанын хабарлаған еді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +8.9