
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысына комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
Кеңес барысында Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғалар Қазақстанның Қарулы күштерінде қордаланған жүйелі проблемаларды анықтағаны атап өтілді. Тергеудің алдын ала қорытындылары әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктер жіберілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын көрсетеді.
«Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеу барысында оқу-жаттығуларды дайындау мен жоспарлауда, тәуекелдерді бағалауда, десант түсіруді ұйымдастыруда және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталды», — делінген кеңес қорытындысында.
Қолбасшылық құрамның қылмыстық немқұрайлылық таныту фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды.
Ақорданың мәліметінше, тексерудің бірінші кезеңі аясында қылмыстық қудалау органдары мемлекеттік мүлікті ықтимал жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және жарғылық емес қарым-қатынас фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғаған.
Президенттің негізгі тапсырмалары:
- Жеке жауапкершілік: әскери қызметшілердің қаза болуына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңда белгіленген жазаға тартылуы тиіс. Бұл мәселе Тоқаевтың жеке бақылауында.
- Армия реформасы: комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Тексеру қорытындылары жаңа үлгідегі армия құруға бағытталған Қарулы күштерді реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескеріледі.
- «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау: жаңғырту әскери тәртіпті нығайтумен, қауіпсіздікті қамтамасыз етумен және сарбаздарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің жолын кесумен қатар жүруі тиіс.
Қорғаныс ведомствосының қызметін тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
В Атырау +16.2