Атырау, 5 қазан 18:27
 дождьВ Атырау +16.2
$ 447.73
€ 502.98
₽ 5.35

​Бозымбаев Атырауда: инфрақұрылым мәселелерін кейінге қалдырмай, уақытында шешу керек

Сурет
64 рет қаралды

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына барған жұмыс сапарында өңірдегі коммуналдық, энергетикалық және су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйін тексерді. Вице-премьер тозығы жеткен нысандардағы түйткілдерді созбалаңға салмай, заманауи технологиялық шешімдер арқылы уақытылы шешуді тапсырды.

Сапар кезіндегі ең басты мәселелердің бірі – қаланы ауызсумен қамту және су тазарту инфрақұрылымы болды. Қазіргі су тазарту құрылыстарының жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болғанымен, нақты мүмкіндігі 90 мың текше метрден аспайды. Мұндағы төрт сүзгілеу станциясының екеуі тым ескі: 1968 жылы салынған №2 станция апатты жағдайына байланысты 2024 жылдан бері тоқтап тұрса, №1 станция 1939 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты апатты нысандарды бұзып, орнына тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін заманауи блок салу ұсынылды. Қанат Бозымбаев бұл жұмыстарды жеделдетіп, жоспарлау кезінде Қытайдың озық технологиялық шешімдерін зерделеуді жүктеді.

Сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстары мен булану алаңдарын рекультивациялау барысы сараланды. Оң жағалаудағы кәріз тазарту нысанының дайындығы 85%-ға жеткен, оны жыл соңына дейін пайдалануға бермек. Бұдан бөлек, «Квадрат» булану алаңындағы 1,7 млн текше метр лас тұнбаның 900 мың текше метрден астамы тазартылды. Алдағы уақытта мұндағы өңделген су техникалық мақсатта және қаланы көгалдандыруға пайдаланылады.

Сол жағалаудағы 1 336,2 гектарлық «Сасықсай» булану алаңының зауыт аумағындағы бөлігін тазалау да жалғасып жатыр (төрт сектордың екі секторы аяқталған). Вице-премьер «АМӨЗ» ЖШС басшылығына Жайық өзенінен алынатын суды өндірістік айналымға қайта енгізу арқылы экологиялық салмақты азайтуды тапсырды.

«Мәселені кейінге қалдыра бермей, ұзақ мерзімге арналған технологиялық шешім табу қажет. Ағынды суларды тазарту мәселесін түбегейлі шешіп, дұрыс технологиялық сызбаны анықтау және қоршаған ортаның одан әрі ластануына жол бермеу шарт», – деді Қанат Бозымбаев.

Өңірде жылу, электр және газ желілерін жаңарту жұмыстары да қатар жүріп жатыр:

  • Жылу жүйесі: Атыраудағы 409,2 шақырым жылу желісінің тозу деңгейі 62,3%-ға жеткен. Қазір тозуы 95%-ды құрайтын ең апатты 8 шақырым учаске реконструкцияланып жатыр, бұл жылу шығынын 75%-ға азайтады. 2030 жылға дейін қалада 26,6 шақырым жаңа желі тартылып, орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетілмек.

  • Электр желісі: «Атырау Жарық» ЖШС 400 шақырымнан астам әуе желілері мен 46 қосалқы станцияны жаңартып, 10,5 мыңнан астам ақылды есептеуіш орнатады. Жоба аясында 16 қосалқы станцияға SCADA жүйесі енгізіледі. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылдың ақпанында басталады.

  • Газ инфрақұрылымы: Алмалы мен Еркінқала ауылдары арасында сағатына 120 мың текше метр газ өткізетін автоматтандырылған станция мен 41,7 шақырымдық жаңа магистральдық әрі тарату құбырларының құрылысы аяқталуға жақын.

Су шаруашылығы бойынша «Табиғат» КМК қарамағындағы арналарды қалпына келтіруге 2026 жылы республикалық бюджеттен 399 млн теңге бөлінді. Қазір «Сборный», «Алға», «Маратши» және «Бақсай» арналарының жекелеген бөліктері тазартылды, жыл аяғына дейін «Ақсай» мен «Бағырлай» арналары ретке келтіріледі. Вице-премьер бұл арналарды тазалауды тек коммуналдық міндет емес, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі ретінде қарастыруды тапсырды.

Сапар соңында Қанат Бозымбаев ТЖД су-құтқару станциясының дайындығын тексеріп, Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында «Ауыл аманаты» жобасымен салынған «Айдана Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.

Премьер-Министрдің орынбасары жауапты органдарға инженерлік желілерді уақытылы әрі сапалы жаңартып, қаланың бас жоспарына сай тапшылық туындамай тұрып қажетті қуаттарды қалыптастыруды жүктеді.

Бүгін, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.