
Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырған кәсіпкерлер жазаланды. Себебі облыстағы сауда желілері, базарлар мен үй маңындағы дүкендерде бірқатар кемшілік анықталды.
Тексеру нәтижесін Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Самат Емберген Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері департамент сауда саласында 121 мемлекеттік бақылау жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік бюджет пайдасына 1 млн 967 мың 875 теңге өндірілді.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырған 42 кәсіпкерге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 692 мың теңге. Сонымен қатар тауар бағасын теңгемен көрсетпеу бойынша 79 кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, оларға 1 млн 275 мың 875 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді С.Емберген.
Ведомство әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізетінін атап өтті. Мамандар облыстағы сауда желілері мен базарлардан басқа үй маңындағы дүкен сөрелерін де тексереді.
Тексерушілер бағаның өзгеруіне әсер ететін факторлар, оның ішінде маусымдық сұраныс, нарықтағы ұсыныс көлемі және өндірістік-логистикалық шығындарды да талдайды.
В Атырау +16.2