
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өткен аптада өңірдегі үш кәсіпорынға барды.
Алдымен барғаны INTEKNO кәсіпорны болды. Ол өңірде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын мұнай-газ, мұнай-химия салаларына арналған химиялық өнімдер шығарады. Реагенттер өндірісі, аминдер мен гликольдерді регенерациялау, күкіртсутекті жою және өнеркәсіптік, сәндік бояулар өндірісі жолға қойылған. Зауытта 70 маман еңбек етеді.
Одан кейін Атырау кабель зауытының жұмысымен танысты. Зауыт байланыс, интернет және энергетика салаларына арналған 100-ден астам өнім түрін шығарады. Мұнда 80 адам жұмыс істейді.
Әкім талшықты-оптикалық кабель дайындау барысымен танысып, зауыт басшылығымен шикізатпен қамтамасыз ету және сату нарығын кеңейту мәселелерін талқыға салды.
Тағы бір нысан - құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын өндіріс орны. Бұл зауытқа шикізат Индер ауданынан келеді. Кәсіпорын қоспа дайындаудың авторлық технологиясын әзірлеген. Өндірістік қуаты — сағатына 8 тоннаға дейін.
Аймақ басшысы нысандарды аралап шығып, бейінді ведомстволарға тиісті қолдау шараларын белгілеуді, инвесторлар тарту мәселесін қарастыруды және кәсіпорындар өндірісті кеңейтетін кезде оларды сүйемелдеуді тапсырды.
— Өңірге қолданыстағы өндіріс орындарының жүйелі түрде дамып, өнім түрлерін көбейте түскені маңызды. Бұл импортты жергілікті өнімдермен алмастыру мүмкіндігі бар салаларда айрықша өзекті. Олардың дамуына жағдай жасап, шикізат, кадр, инвестиция және сату нарығын кеңейту мәселелерін шешу қажет, — деді Болат Ақшолақов.
В Атырау +14.7