Атырау, 5 қазан 11:42
 дождьВ Атырау +3.2
$ 447.73
€ 502.98
₽ 5.35

​«Үйде кезекпен тамақтанамыз»: Атыраудағы көпбалалы отбасы баспана мәселесін шешуге көмек сұрайды

102 рет қаралды

Нина Слежова балалар үйінде өскен, сондықтан өз үйінің болмағаны қалай екенін жақсы біледі. Қазір ол тоғыз бала тәрбиелеп отыр. Оның бар арманы — пәтерде ең болмағанда кереует, шкаф пен отбасы мүшелерінің басы түгел қосылып отыратын үстел сиятындай жеткілікті орын болса болды. 

Нина 42 жаста. Төрт қызы, бес ұлы бар. Балаларының алды 19, 18, 15, 14 және 12 жаста, арты алтыда, бесте және үште, ал ең кенжесінің дүниеге келгеніне екі ай болды. 

Балалар үйінен шыққан соң Нина біраз уақыт Жастар үйінде тұрды. 19 жасында ол жерден кетуге тура келіп, өз бетінше күн көре бастады.

«Балалар үйінен шыққанда барар жер, басар тау болмады. Біреудің үйіне қонып жүрдік. Кейін жатақханада тұрдым», - дейді ол.

Алғашқы баспанасына Нина 2011 жылы үш баланың анасы атанғанда қол жеткізді. Ол Сырым Датов көшесіндегі ауданы шамамен 47 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер еді. Бір жылдан кейін төртінші баласы дүниеге келгенде, әйел тұрғын үй жағдайын жақсартуға үміттеніп кезекке тұрды.

Көпбалалы отбасы бір бөлмелі пәтерде он жылдай тұрды. Балалар өсіп, пәтер тарлық ете бастаған соң Нина күйеуімен бірге ас үйде ұйықтауға мәжбүр болды.

2021 жылы бұл мәселе шешілгендей көрінген. Сырым Датов көшесіндегі бұрынғы үйді қайтарып алып, отбасыға үш бөлмелі пәтер берілді. Алайда ауданы айтарлықтай үлкейе қоймады: 47 шаршы метрдің орнына отбасы ауданы шамамен 50 шаршы метр болатын пәтер алды.

Нина бұған кейін жетпей тұрған шаршы метрлерді аламын деген үмітпен келіскен екен. Оның айтуынша, ол кезде тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы сақталатынына сендірген.

«Маған сізді ешкім кезектен шығармайды, кейін шаршы метрлерін қосып береді деді. Егер маған соңында “үйіңіз бар екен” деп айтатынын білгенде, бұл пәтерді алмас едім», - дейді ол.

Одан бері балалар саны көбейгенімен, пәтер сол күйі қалды. Қазір шамамен ауданы 50 шаршы метрде он бір адам тұрып жатыр. Шағын бөлмелер мен ас үйді көрсеткен Нина өзге отбасылар үшін әдеттегідей көрінетін бұйымдарды мұнда қоятын орын жоқ дейді.

«Дұрыс ұйықтай да алмаймыз, еденде жатамыз. Диван да, дұрыс кереует те, шкаф та сыймайды. Ас үй кішкентай, содан да тамақты да кезектесіп ішеміз. Алдымен төрт адам отырады, содан соң қалғандары. Үйде жиһаздарды дұрыс орналастырып, әр балаға ұйықтайтын орын болса екен дейсің», - дейді ол.

Өтініштеріне «жеке баспанаңыз бар» деген жауап алған Нина шенеуніктерге жағдайға басқа қырынан қарауды ұсынады. Ол қазіргі пәтерді қалдырып, қосымша тағы бір үй берсін деп сұрап отырған жоқ. Әйел бұл пәтерді үлкен отбасы сыятын үйге айырбастауға дайын.

«Бұл пәтерді мысалы, екі немесе үш адамнан тұратын отбасыға беруге болады. Ал бізге жер үй берсін. Қуана-қуана көшіп алар едім», - дейді ол.

Мұндай үйді өз бетінше сатып алуға отбасының әзірге шамасы жетпейді. Нинаның айтуынша, қазіргі пәтерді сатқанның өзінде, Атыраудан кең баспана сатып алуға жететін ақша жиналмайды. Ол қала сыртындағы, соның ішінде Құрманғазыдағы үйлерді де қарап көрген, бірақ онда да үйлердің бағасы шамамен 12 миллион теңгеден басталады.

Арзандау баспана үшін алыстағы ауылға көшуге Нина дайын емес, бұған ең алдымен балалар себеп. Олар көп жылдан бері Атырауда тұрады, №12 мектепте оқиды, қыздарының бірі мектепті бітірсе, екіншісі соңғы сыныпта оқып жатыр.

Отбасының қаржылық жағдайы да мәселені өз күштерімен тез арада шешуге мүмкіндік бермей тұр. Нинаның күйеуі Пәтер иелері кооперативінде жұмыс істейді, сонымен бірге тұрақты әрі жалақысы жоғары жұмыс іздестіріп жатыр. Жұмыссыз ретінде есепте тұрғанда, оған қала сыртындағы интернатқа айына шамамен 85 мың теңгеге жұмысқа орналасу ұсынылған. Алайда, бірнеше рет ауысып отыруды және күнделікті жол шығындарын есептей келе, отбасы бұл жалақының жолға да жетпейтінін түсінді.

Тығырыққа тірелген Нина қайтадан шенеуніктерге жүгініп отыр. Наурыз айынан бері ол қала әкімінің жеке қабылдауына кіруге тырысты, e-Otinish арқылы жазды, кейін облыстың жаңа әкіміне жазылды. Президент Әкімшілігіне де жүгінді, ол жақтан өтініш төменге бағытталды. Оған келген жауаптарда отбасының меншікті баспанасы бар екені тағы да көрсетілген.

Пәтерінің бар екенін Нина жоққа шығармайды. Ол тек құжаттағы сөзді емес, осы отбасы күн сайын өмір сүріп жатқан жағдайды ескерсе екен дейді.

«Мен оларға: жай ғана келіп, біздің қалай тұрып жатқанымызды көріңіздерші деймін».

Бірақ Нинаның айтуынша, әлі күнге дейін ешкім келіп көрмеген.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Сурет Слежовтар отбасының архивінен ұсынылды

Бүгін, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.