Құлсары қаласының бітпейтін коммуналдық проблемасының кесірінен бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерге жылу дұрыс берілмей жатыр.
Бұған қатыстыЖылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВ былай дейді:
-Қала тұрғындарына жылу толық берілген. Көпқабатты үйлердің жертөлелері толық тазартылды. Жертөлелерді және жылу құбырларын жөндеуді өз міндетіне алған «ЭРА» ЖШС жұмысын жасап кетті, енді олар ештеңеге жауап бермейді. Сондықтан бұл коммуналдық нысандарға енді «Жылыойсу» КМК жауапты. Бұл жерде тұрғындардың өздері жекеменшік үйлерін күтіп ұстауға құлықсыз, оларда бәрін әкімдік жасап береді деген түсінік қалыптасқан. ПИК құрудан қашып, жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейді.
Аудан әкімі айтқандай, шынымен де бар мәселе тұрғындардың жауапсыздығынан туындап отыр ма? Екшеп көрелік.
Бұдан екі жыл бұрын жылу және ауызсу құбырын тартуға, сондай-ақ, кәріз жүйесін жөндеуге қомақты қаржылар жұмсалғанымен, жағдай түзеліп кеткен жоқ. ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы шеңберінде ауызсу құбырын тартуға 45 млн доллар бөлінгенімен, бұл жұмыс үш жылға созылып кетті. Қалада әлі күнге дейін ауызсу шектеулі түрде беріледі. 2011 жылы орталық жылу қазандығын жаңғырту мен жөндеу жұмысына бюджеттен 280 млн теңге бөлінген болатын. Бұл жұмыстарды «Аят-Атырау» ЖШС жүргізгенімен, мемлекеттік қабылдау болған жоқ. Айналғанда, тапсырысшы, яғни аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Аят-Атырау» ЖШС-мен соттасуға мәжбүр болды. 11 маусымда Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің пайдасына «Аят-Атырау» ЖШС-нен жұмысты уақытынан кешіктіргені үшін 10 млн теңгеден астам қаржы өндіру туралы шешім шығарған болатын. Алайда, аталмыш серіктестік бүгінде банкрот ден танылып, тарап кетті.
2011 жылы қаладағы көпқабатты 87 үйдің кәріз жүйесі мен жертөледегі жылу құбырын ауыстыруға бюджеттен 210 млн теңге бөлінген болатын. «ЭРА» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген жұмыс сапасы нашар болып шықты. Бейресми ақпаратқа сенсек, мемлекеттік қабылдау болмаған, өйткені шалағайлықтар шаш-етектен болып шықты.
- «Эра» ЖШС жұмысына көңіліміз толмайды. Жақында 1-ші ықшам аудандағы 12-ші үйдің кәріз жүйесінен аққан «боқ су» ауламызды жайлап кетті. Аяқ басар жер қалмады. Айналаны алып кеткен сасық иіс әбден тұншықтырып жіберді. Лас су күні бойы жатты солайымен. Кәріз жүйесін кейін қалыпқа келтірді. Бірақ бұл тағы қайталануы мүмкін. Себебі, оны серіктестік былтыр ғана жөндеп кеткен болатын. Ал жылуды бірнеше жылдан бері көрген жоқпыз, - дейді Бақыт ҚАЛЫШЕВА.
Осы ықшам аудандағы №29 үйдің тұрғындары да бірнеше жылдан бері жертөлені басқан лас судан арыла алмай келеміз деп шағымданды.
- Біздің үйдің 1-ші қабатындағы пәтерлер ылғал тартып, көгеріп кеткен. Жаз тұрмақ, қыс бойы масадан көз ашпаймыз. Соңғы он жылдан бері осы жертөлені жөнге келтіруге миллиондаған қаржы жұмсалды, бірақ өзгерген ештеңе жоқ, -дейді Ұштап ПЕНСКАЯ.
Осы мәселеге қатысты «ЭРА» ЖШС директоры Сәбит ҚҰСПАНОВ:
- Негізі біз жұмысты аяқтап кеткенбіз. Егер жертөлені су басса, онда бұл туралы «Жылыойсу» КМК бастығы Балтабай ИБРАЕВҚА айтармын. Болмаса, басқалары барып қалыпқа келтірер, -деп қысқа ғана қайырды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА