Атырау, 26 қараша 10:35
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Құлсарылықтар кепілдік талап етеді

3 475 просмотра

1 қараша күні Құлсары қаласы Әбдрахманов көшесіндегі күрелуге жататын  апатты жағдайдағы сегіз үйдің (№44, 48, 50, 52, 55, 57, 59 және 61) бір топ тұрғыны Жылыой ауданы әкімдігінің алдына жиналып, биліктен апатты үйлердің орнына салынатын жаңа үйлерге шынымен де көшірілетіндіктері туралы келісімшартқа қол қоюды талап етті.

 

«БІЗ КӨШУГЕ ҚАРСЫ ЕМЕСПІЗ»

Қаланың дәл орталығында орналасқан бұл үйлер осыдан 60 жыл бұрын салынған.    

- Бұл үйлердің бұзылатыны жөнінде анықтама осы көктемде  қолымызға тиді, одан кейін тұрғындарға уақытша пәтерлерге көшесіңдер деді. Уақытша баспана қаладағы көпқабатты үйлерден алынып берілетін болды. Біз үйіміздің ақшасын өзімізге берілгенін қалап едік, бірақ әкімдік заңға қайшы дегесін, оған да көндік, - дейді тұрғындар.

Бүгінде ТШО-ның демеушілік көмегімен тұрғындарға арналып 64 пәтер сатып алынған.

- Дау уақытша пәтер берілгеннен бастап шықты. Әкімдік күрделі жөндеуден өткен, жылуы бар жайлы пәтерлерге көшесіңдер деп уәде берген. Бірақ кейбір үйлерде автономды жылу да жоқ. Маған берілген пәтер жөндеуден өтпеген, сондықтан мен көшпеуге бел буып отырмын. Үш баламмен осында отырамыз. Үйді күреп тастаса, оны да көрерміз, - дейді Айгүл МҰРАТ.

 

КЕЛІСІМШАРТ ҚАЙДА?

- Біз о баста үшжақты келісімшарт жасауды талап еткенбіз. Билік үй салынып біткесін қайтадан көшіп келесіңдер деді. Біз нақты, заңдастырылған келісімшарт болмайынша, көшпейміз деп шешіп отырмыз. Себебі уәде берген әкімдер бір жылдан соң қызметтерінде отыра ма, отырмай ма, белгісіз. Бір жағынан, жаман болса да, өзіміздің баспанамыздан  айрылып, далада қалсақ қайтеміз? Біздің бүгінгі қорқынышымыз осы. Ал әкімдік бізді сот арқылы шығарамыз деп қорқытуда, - дейді Галя ҚАБАҚОВА.

2013 жылдың 4 шілдесінде Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасовтың «Құлсары қаласы Әбдрахманов көшесіндегі апатты жағдайда деп танылған үйлердің тұрғындарын жаңа үйлермен қамтамасыз ету туралы» қаулысы шығады. Бұған қоса, «Мемлекеттік мүлікті уақытша беру туралы» үшжақты келісімшарт әрбір отбасыға таратылып берілген.

- Бұл келісімшарт уақытша тұратын үйімізді күтіп-ұстаудағы талаптар мен міндеттерге негізделіп жасалған. Ал біз ертең пәтерімізден айырылып қалмайтынымызға кепілдік беретін заңдық күші бар келісімшартты талап етіп отырмыз, -дейді тұрғындар.

Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ бұл мәселе туралы былай дейді:  

- Қала басында апатты жағдайда тұрған 78 үй бар. Әбдрахманов көшесіндегі үйлерді күреп тастаудан басқа амал жоқ. Тұрғындар уақытша жайлы пәтерлерге көшірілуде. Ал бұрынғы үйлер күреліп, оның орнына 60 пәтерлік үшқабатты 5 үй салынады деп отырмыз. Жаңадан салынған 300 пәтерге апатты үйлер тұрғындары қоныс аударады. Ал бұған қосымша демеушілікпен сатып алынған 64 пәтерді мемлекеттік қызметкерлерге беруді ұйғарып отырмыз.

-Жаңа үйлер құрылысына қаржы бюджеттен бөліне ме, әлде бұл демеушілік қаржы бола ма?

- Ол жағы әзірге шешілген жоқ. Күні бүгінде үйлер құрылысының сметалық құжаты жасақталып, мемлекеттік сараптамадан кейін құрылысқа рұқсат аламыз деп отырмыз. 

- Тұрғындар тиісті кепілдік болмайынша өз пәтерлерін тастап кетпейміз деп отыр...

- Тұрғындар қайта жаңа үй салынатынына қуану керек қой! Бұл үйлерді күреу жұмыстары қарашада басталады. Біз тұрғындарға 10 қарашадан бастап бұзылатын үйлерге газ,электр қуаты, су беру тоқтатылады деп хабарландыру бердік. Мен жаңа үйлер беріледі деп қаулы шығардым. Ал олардың құрылысы бір жыл екі ай мерзімнің ішінде бітеді деп жоспарлап отырмыз. Тұрғындар 2015 жылды жаңа баспанада қарсылайтын болады.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.