Атырау, 26 қараша 10:30
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Смета сырлары-2

2 343 просмотра

«АЖ» редакциясына «Атыраукапстрой» ЖШС-нің директоры А. КЕНЖЕҒАЛИЕВАДАН хат келді, онда ол «Смета сырлары» жарияланымында («АЖ», 31.10.2013 күнгі №44) келтірілген кейбір тұстармен келіспейтінін білдірген.

Хаттан үзінді келтірейік: «Біз құрылыс нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс жасаймыз және өзімізді салмақты компания ретінде таныта білдік. Біз Махамбет селосындағы аудандық орталық аурухана (күрделі жөндеу), Көктоғай селосындағы «Мәдениет» КМК ғимараты (күрделі жөндеу), Индер кентіндегі дене шынықтыру, сауықтыру кешені, Құлсары қаласындағы 280 орындық балабақша құрылысы сияқты ірі нысандарды салдық. Бәйгетөбе ауылындағы 424 орындық мектеп құрылысын алматылық «ПМК» ЖШС жүргізгенін хабарлаймыз. Бұл компания іргетасын құйып, тасын қалап, шатырын көтерді. Біз 2010 жылы «424 орындық Бәйгетөбе мектебінің құрылысын жалғастыру» тендеріне қатыстық және 18.03.10 күнгі №10/2010/РБ ШАРТ келісімшартына сәйкес, біздің міндетімізге іші-сыртын толық аяқтау, жабдықтарды, жиһаздарды және тағы басқаларын сатып алу, қондыру жұмыстары енді.

Бұл жерде мәселе, шағын орынжайлар құрылысын жүргізген адамдар айтқандай, бетон мен арматурды үнемдегеннен ғана емес, басында жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлегенде жер мен іргетастың отыруынан қабырғаларда жарықтар пайда болатыны сияқты әсер етуші факторлар есепке алынбаған. Ал шатыр туралы келесілерді айта аламын. Тамыз айында шатырдың 600 шаршы метржарты бөлігі ұшып кетті. Шенеуніктердің, атап айтсақ, Мақат ауданы әкімінің жеке өтініші бойынша біз шатырдың осы бұзылған жеріне өз қаражатымыздан толық жөндеу жүргіздік. Компаниямыз қажетті материалдардың барлығын сатып алды, мұны растайтын құжаттарымыз бар. Жеткізу, бұзу, қондыру сияқты жұмыстар да өз күшімізбен жасалды, бұларға да аз қаражат кеткен жоқ. Біз барлық жұмысты жауапкершілікпен атқардық. Алайда басында дұрыс салынбаған құрылысты толықтай жөнге келтіру мүмкін емес. Сондықтан да шатырдың тағы бір бөлігі ұшып кетті. Айта кетсек, мақала шыққан сәтте біз оны да жөндеп тастағанбыз, бүгінде жақтаулары қағылып жатыр».

Әрі қарай хат авторы «АЖ»-ны бұрмалаушылыққа, тіпті, бөгде тұлғаның мүддесін қорғауға жол берді деп сезімге беріле айыптайды. Алайда өз талап-уәждеріңізді газетке емес, Атырау облыстық құрылыс басқармасына жолдағандарыңыз дұрыс, өйткені «Смета сырлары» жарияланымын дайындау үстінде біз сол жерге ресми сұрау жіберген едік. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ өз жауабында осы мектеп құрылысын салуда «Атыраукапстрой» ЖШС мердігер болғандығын хабарлап, алғаш іргетасын қалаған алматылық компания жөнінде еш мәлімет берген жоқ.

А. Кенжеғалиеваның хатынан кейін біз облыстық құрылыс басқармасымен тағы да хабарластық. Бұл жолы құрылыс бөлімінің басшысы Жаманбай МЕРЕНОВПЕН телефон арқылы сөйлестік. Ол Бәйгетөбе мектебін бастапқыда ПМК-615 компаниясы салғанын растады.

- Олар іргетасын құйды, тасын көтерді, төбесін жапты, бұл шамамен 2007-08 жылдары болды. Шатырды жел жұлып алып кетті дейсіз бе? Бұл жерде мәселе желде ме, құрылыс сапасында ма, білмеймін. Сіздер сұраныс жіберіңіздер, жауап берейік...

Біз, сондай-ақ, ПМК-165 басшысы Ибрагим БАЙРАМОВПЕН телефон арқылы байланыс жасадық. Мектеп құрылысының нақты бюджетін Байрамов айта алмады:

- Бұл алты жыл бұрын болды, нақты есімде жоқ. 280 млн ба, әлде 310 млн ба екен? Біз қорабын – іргетасын, қабырғасын, шатырын салдық.

-Мектеп шатырының екі рет ұшып кеткені туралы хабардарсыз ба?

- Егер дүлей жел соқса, мен не істей аламын. Кезінде 12 адамнан құралған комиссия нысанды қабылдады, құрылыс департаменті бар, солардан барып сұраңыздар.

Құрылыс басқармасы басшысының атына жазылған сұранысқа қайта оралатын болсақ, жауапты Ғалымжановтың көмекшілері әзірлегені белгілі, алайда қол қоярда оқып, танысады ғой. Егер облыстың бас құрылысшысы бұрынғы мердігерлерді көрсетпеуді шешсе, онда ол не бұл мектепке байланысты жағдаймен таныс емес, не оның бұрынғы мердігерге қояр талабы жоқ шығар.

Сөз соңында Атыраукапстрой не үшін біреудің олқылықтарының орнын толтырып жүр деген сауалға жауап іздедік.

- Біз жаңа нысандар аламыз, сондықтан бұл біздің мүдделігімізде, - деп жауап берді ЖШС директоры А. Кенжеғалиева.

Осылайша, жеке компанияның абыройы газеттің кінәсінен зардап шеккен жоқ. Бюджеттен қаржы бөлінеді, нысандар салынады, комиссия қабылдайды, шатырлар ұшады. Осылайша қайталана береді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

14 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.