
Экологтар Атыраудағы кірпіш өндіретін кәсіпорында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Олардың қатарында экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттарды бөліп шығару және белгіленген лимитсіз құрылыс қалдықтарын жинақтау әрекеттері бар.
«Алиев М. И.» ЖК-ға тексеруді Атырау облысы бойынша Экология департаменті жүргізді. Кәсіпорын кірпіш өндірісімен айналысады, цех қаланың оңтүстік-шығыс өнеркәсіптік аймағында орналасқан.
Экологтар анықтағандай, кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген. Міндетті экологиялық есептілік бұл жерде кешіктіріліп тапсырылған, ал құжаттардың бір бөлігі қате толтырылған.
Дегенмен заңбұзушылықтар тек есептегі кемшілікпен шектелмеді. Тексеру барысында кәсіпорынның қажетті экологиялық рұқсаттарсыз атмосфераға ластаушы заттарды бөлгені анықталды. Бұдан бөлек, аумақта құрылыс материалдарының қалдықтары жинақталған, алайда бұған тиісті рұқсат пен бекітілген лимит болмаған.
Кірпіш өндірісінің жобалық құжаттамасына сәйкес, оның қуаты жылына шамамен 2,5 млн кірпішті құрайды. Кірпішті қыздырғанда табиғи газ пайдаланылады, ал ластаушы заттардың көзі ретінде кірпіш күйдіру пеші, қазандықтар, саз балшықпен жасалатын операциялар және басқа да өндірістік учаскелер көрсетілген.
Биыл көктемде кәсіпорын 2026–2035 жылдарға арналған шекті рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің жобасын қоғамдық тыңдауға шығарды. Құжатта тұрақты экологиялық мониторинг пен шығарындыларды аспаптық өлшеу де қарастырылған болатын.
Тексеру қорытындысы бойынша жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн теңгені құрады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +17.8