
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мен америкалық Baker Hughes трансұлттық мұнай сервисі корпорациясы ірі мұнай-газ жобаларына қызмет көрсету туралы келісімшартқа отырды.
Келісімге Алматыда өтіп жатқан KIOGE-2026 халықаралық көрмесі мен конференциясы аясында қол қойылды.
Құжатта көрсетілген шарттар бойынша, отандық кәсіпорын Қазақстандағы ірі кен орындарында орнатылған Baker Hughes Nuovo Pignone газ турбиналары мен компрессорларына инспекция жүргізіп, жөндеу қызметтерін көрсетеді. Келісімшарт «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның (ҚМГ) тікелей қолдауымен жасалды. Жоба жергілікті мамандардың біліктілігін арттырып, отандық машина жасау саласының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
ҚМГ өкілдерінің айтуынша, бұл келісім — сервистік қызмет көрсету, жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндіруде елішілік құндылық үлесін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Ұлттық компания мұнай-газ кешеніне арналған жабдықтарды жөндеу, техникалық диагностика жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша отандық бизнеске қолдау көрсетуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырады.
Baker Hughes — 120-дан астам елде өкілдігі бар америкалық трансұлттық мұнай сервисі корпорациясы. Компания Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын жабдықтармен қамтамасыз етіп, сервистік қызмет көрсетеді.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ — мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар мен металл конструкцияларды әзірлеп, шығаратын отандық кәсіпорын.
В Атырау +8.4