
Атырау облысында ЖРВИ мен тұмаудың жаңа эпидемиологиялық маусымына дайындық жүргізіліп жатыр. Өңірге «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешева мәлімдеді.
1 қазаннан бастап Атырау облысында тұмау мен ЖРВИ-дің жаңа эпидемиялық маусымы басталады. Екпе егу науқаны 2027 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Биылғы маусымда A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және B(Victoria) вирус штамдары айналымда болады деп күтілуде.
Вакцина өңірдегі емханаларға бөлінген соң екпе егу науқаны басталады. Вакцина халықтың осал топтарына тегін салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар мен қарттар үйлерінің тұрғындары, жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер және эпидемиологиялық көрсетілімі бар азаматтар бар.
Жалпы, өткен эпидемиялық маусымда облыста 114 696 адам ЖРВИ жұқтырса, оның 76 мыңнан астамы — 14 жасқа дейінгі балалар.
Дәрігерлердің екпе алуға шақыруы тегін емес. Өңірде күз басталғалы респираторлық инфекциялар шарықтап тұр. Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының басшысы Нұрбек Үкібаевтың мәліметінше, биыл қыркүйектің алғашқы жиырма күнінде ғана ауруханаға 2 129 адам жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 364 адамға көп. Салдарынан стационарға жатқызылғандар көрсеткіші 20,7 пайызға артып, 623 пациентке жетті.
Әсіресе кішкентай балалар мен сәбилер арасында аурушаңдық күрт өскен. Қыркүйектің 20 күнінде стационарда 176 сәби ем алса (былтыр — 84), пневмониямен ауырған балалар саны 56-дан 139-ға бір-ақ секірген. Өткен 2025–2026 жылғы маусымда да инфекциялық аурухана реанимациясына түскендердің 40,7 пайызын бір жасқа дейінгі шақалақтар құраған еді.
Мамандар ЖРВИ мен тұмаудан қорғану үшін қолды жиі жууды, бөлмені жүйелі түрде желдетіп отыруды және сырқаттанған адамдармен байланысты шектеуді ескертеді. Ал ауру белгілері байқалған балаларды балабақша мен мектепке жібермей, бірден дәрігер шақырған абзал.
В Атырау +22.7