
Атырауда қазақтың күй өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті күйші, композитор, дирижер әрі ұстаз Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов күйші еңбегінің ұлттық музыкадағы айрықша орнын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің атынан жолданған жеделхат оқылды.
Кеш барысында Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау», «Ауылым», «Сағындым ата, сағындым баба», «Нұрғиса» секілді жиырмаға жуық күйі орындалды. Концертке күйшінің ұрпақтары, туған-туыстары және шәкірттері қатысты. Олардың қатарында немересі Ақтоты Ахмедиярова мен төл шәкірті Сәния Ерғалиева бар.
Филармония басшысы Бақытбек Сартпаевтың айтуынша, «Күй – Ұран» жобасы 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Алдымен республикалық деңгейде басталған байқау былтыр халықаралық деңгейге шыққан. Алдағы уақытта бұл дәстүрлі түрде әр үш жыл сайын ұйымдастырылмақ.
Жобаның мақсаты – Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау, ұлттық күй өнерінің сабақтастығын сақтау және жас орындаушылардың шеберлігін шыңдау.
В Атырау +13.8