Атырау, 28 қыркүйек 19:52
 дождьВ Атырау +22.1
$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

​Атырауда тегін операцияны ақшаға жасаған хирургке үкім шықты

115 рет қаралды

Атырау қалалық №2 соты варикозға жасалатын оталар МӘМС есебінен жүргізілгеніне қарамастан, екі жылға жуық уақыт бойы науқастардан ақша алып келген тамырға ота жасайтын хирургке үкім шығарды.

Бұған дейін тергеу аяқталып, материалдар сотқа берілген кезде «Ақ Жайық» бұл іс туралы жазған болатын. Енді үкімнен жымқыру схемасы қалай жүзеге асырылғаны және істің дәрігер үшін қалай аяқталғаны белгілі болды.

Сотталушы Атырау облыстық кардиологиялық орталығының тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеген, ал қосымша Family Health Clinic клиникасында және «Ким В.А.» ЖК-де науқастарды қабылдаған.

Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурызына дейін оған варикоз тамырлары кеңейген науқастар жүгінген. Мұндай ота МӘМС есебінен жасалуы мүмкін еді, бірақ сот анықтағандай, адамдарға бұл туралы айтылмаған. Оның орнына емдеу құны аталған және ақшаны тікелей дәрігерге аудару немесе қолма-қол ақшалай беру ұсынылған.

Отадан кейін DamuMed жүйесіне тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, содан соң ӘМСҚ клиникаларға ақша аударып отырған.

Бір аяққа 200 мың, екі аяққа 300 мың

Науқастың бірі сотта дәрігердің бір аяққа жасалатын отаны 200 мың теңгеге, ал екі аяққа жасалатынын 300 мың теңгеге бағалағанын айтып берді.

Ер адам келісіп, отадан кейін ақшаны хирургтің жеке шотына аударған. Кейін оған 1414 қызметінен хабарлама келген, бірақ ол кезде оған мән бермеген. Оның айтуынша, дәрігер емді тегін алуға болатыны туралы ескертпеген.

Басқа науқастар төлеген сома әртүрлі болған. Іс материалдарында 50-ден 500 мың теңгеге дейінгі төлемдер көрсетілген. Көпшілігі ақшаны дәрігердің жеке банктік шоттарына аударса, кейбіреулері қолма-қол ақшалай есептескен.

Маманның қорытындысы бойынша, ота жасалған пациенттерден дәрігерге 8 млн 880 мың теңге түскен. Ал ӘМСҚ дәл осы адамдарды емдегені үшін медициналық ұйымдарға тағы 14 млн 820 мың 547 теңге аударған.

Пациенттер неге оны түрмеге жаппауды сұрады

Сотта хирург өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Ол бұл кезеңде әкесінің ауыр сырқаттанғанын, әйелінің босанғанын, өзі отбасының жалғыз асыраушысы болып, материалдық қиындықтарды бастан өткергенін жеткізді.

Бұл ретте жәбірленушілердің көпшілігінде отаның сапасына қатысты ешқандай шағым болған жоқ. Олар емдеудің сәтті өткенін әрі асқынбағанын хабарлады.

Сот басталғанға дейін пациенттерге келтірілген шығын өтелді. Көпшілігі азаматтық талап арыздан бас тартып, дәрігерді бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Пациенттер отаның тегін екенін біле тұра, емделгеннен кейін «алғыс» ретінде дәрігерге өздері 200 және 300 мың теңге аударған екі жағдай бөлек қаралды. Сот мұны заңсыз сыйақы алу деп тапты, алайда ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оны бұл эпизодтар бойынша жауапкершіліктен босатты.

Негізгі айып бойынша хирург қызметтік бабын пайдаланып, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, бірақ рақымшылық қолданылғаннан кейін бұл мерзім екі жылға дейін қысқартылды.

Бұдан бөлек, оған үш жыл бойы медицина саласында материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Үкім оны дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айырған жоқ.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 18:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.