
Атырау қаласында патрульдік полиция бір апта ішінде 1920 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 21–27 қыркүйек аралығында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 89 автокөлік арнаулы айыптұраққа қойылды.
Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті хабарлады.
Тексеру барысында өрескел тәртіп бұзушылықтар да әшкереленді. Маселен, 21 қыркүйекке қараған түні Маденов көшесінде BMW M5 автокөлігін тізгіндеген 2006 жылғы жүргізуші бір мезетте бірнеше ережені бұзған. Ол қарсы бағытқа шығып, қос тұтас сызықты кесіп өткен, сондай-ақ көлікті тіркеу тәртібін сақтамай, міндетті сақтандыру полисінсіз басқарған.
Бұдан бөлек, аталған көлікте өрт сөндіргіш пен авариялық дәрі қобдишасы болмай шықты. Жүргізуші маневр жасау талаптарын бұзып, жол жамылғысын ластағаны үшін де жауапқа тартылып, автокөлігі айыптұраққа жөнелтілді.
Ал 25 қыркүйекте Сұлтан Бейбарыс көшесінде заңсыз қайта жабдықталған Nissan Silvia автокөлігі анықталып, жүргізушіге қатысты заңнама аясында шара қолданылды.
Полиция өкілдері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
В Атырау +22.1