
Атырауда елден шығарылып, кіруге тыйым салынғанына қарамастан, Қырғызстан шекарасы арқылы Қазақстанға заңсыз қайта оралған 26 жастағы Өзбекстан азаматы сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, ол жолдың бір бөлігін атпен жүріп өткен, деп хабарлайды Halyqstan.
2025 жылғы тамызда бұл әйел көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылып, оған елге кіруге бес жыл мерзімге тыйым салынған еді.
Бұған дейін ол Атырауда тұрып, өзінің айтуынша, интимдік қызмет көрсетумен ақша тапқан. Елден шығарылғаннан кейін әйел Бішкекке барып, онда шекарадан заңсыз өтуге көмектесуге келіскен ер адаммен танысқан.
Жолбасшы өзінің қызметі үшін 900 мың теңге алған.
Сотталушының жауабынан белгілі болғандай, олар Қазақстан-Қырғызстан шекарасын ресми өткізу пунктінен тыс, далалық жерде кесіп өткен. Бұл ретте әйел атқа мініп жүрген.
Қазақстанға қайта оралған соң ол тағы да Атырауға жетіп, Тайманов көшесінен пәтер жалдап, интимдік қызмет көрсетуін жалғастырған.
Кейін оны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтаған.
Сотта әйел кінәсін мойындады. Ол материалдық жағдайы қиын және науқас анасы мен кәмелетке толмаған сіңлісін асырау қажет болғандықтан қайта оралуға мәжбүр болғанын айтқан.
Сот оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтегеннен кейін әйел Қазақстаннан қайта шығарылып, елге кіруге бес жыл мерзімге тыйым салынады.
В Атырау +22.1