Атырау, 26 қараша 10:54
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қашағанға бұлт үйірілді

3 043 просмотра

Қашағанға белгісіз мерзімге дейін мұнай өндіруді тоқтату қаупі төніп тұр. Консорциум жақ ашпай отыр, бұл үнсіздік созылған сайын бақылаушылардың болжамдары анағұрлым сұмдық болуда.

ЕКІНШІ ҚОСЫМША КЕЛІСІМ

Естеріңізге салсақ, 2007 жылдың жазында Eni Қашағаннан мұнай өндіруді 2008 жылдан 2010 жылға шегеруді және жоба бюджетін 57-ден136 млрд долларға көбейтуді ұсынған болатын. Бұл Қазақстан үкіметінің тиісті ақшалай өтемақы мен жобадағы ҚМГ рөлін күшейтуді талап еткен күрт реакциясын туғызды. Осылайша, 2008 жылдың 31 қазанында «Өнім бөлінісі туралы келісімге екінші қосымша келісім» деп аталатын құжатқа қол қойылды. Онда Қазақстан Қашаған жобасындағы өз ықпалын әжептәуір күшейтті: а) ҚМГ-нің үлесін 8,33%-дан 16,81%-ға дейін көбейтті; ә) жобаның жүзеге асу кестесі мен бюджетінің орындалуын қатаң бақылауға алды (егер мұнайды коммерциялық өндіру 2013 жылдың 1 қазанына дейін басталмаса, Консорциум шығындары өтелмейді); б) ҚКӨ (Қашағандық коммерциялық өндіру – С.Т. ескертпесі) басталуын (2008 жылдан кейін) кейінге қалдырғаны үшін айыппұл санкцияларын жылына 50 млн-нан 2012 жылы 120 млн долларға дейін көбейту.

 

ЖОБАҒА ЖОРАМАЛ

Біз сарапшылардан Қашағанда қалыптасқан ахуалға қатысты және ықтимал шегеру салдары туралы пікірлерін айтуды өтінген едік.

Макроэкономикалық зерттеу орталығының директоры Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

136 млрд доллар – бұл Қашаған жобасының жалпы бюджеті. Оның әзірге 43 млрд доллары жұмсалды. Бұлар – күніне 370-450 мың баррель шамасында мұнай өндіруді қамтамасыз ететін 1-кезең шығындары. 1-кезең жұмыстары әлі аяқталған жоқ, бірақ қалдықтың негізгі бөлігі жобаны толықтай игеріп, 2018-2019 жылдары аяқталатын 2-кезеңге жұмсалады. Ол жерде мұнай өндіру тағы 1 млн баррельге көбейеді.

43 млрд доллардың шамамен 10 млрд доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалды. Дәлірек айтқанда, бұл пропорциялар бүкіл сома бойынша да қалады.

Жобаның жалпы табыстылығына келер болсақ, бұл туралы тек компания өкілдері ғана айта алады. Алайда жалпы, табыс бөлігін, яғни бір баррель 100 доллар бағамен алынса, қорлар көлемін 600 млрд доллар деп бағалауға болады. Ал шығыс бөлігі қанша құрайтынын білмеймін.

– Қашағандағы ықтимал шегеру уақыты ел экономикасына ықпал ете ме?

– Бірінші кезеңде күніне 370-450 мың баррель мұнай өндіру жоспарланып отыр. Яғни, жылына 18-22 млн тонна шамасында. Бұл жерде экономикаға әсер етудің екі нұсқасы бар. Біріншісі: егер «кемеліне келген» кеніштегі мұнай өндіру төмендеп кетпесе, онда жалпы елдегі мұнай өндірісі өзгермейді, тиісінше, экономика кідірісті сезінбейді. Жай белгіленген өсім кейінге қалдырылады. Ал егер (жұмыс жасап жатқан кеніштерде – С.Т. ескертпесі) төмендегені байқалса, онда экспорт та құлдырайды, демек, экономика өсімінің баяулауы күшейеді. Бірақ «кемеліне келген» кеніштерде өндірісті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, бірінші сценарий жүзеге асады.

– Консорциум жұмсаған шығындар неше жылдан кейін толықтай қайтарылады деп күтілуде және жалпы күтіліп отыр ма?

– Мұнай өндіру қарқындылығы бойынша шығындар мен екіұштылықтың көбейгенін ескерсек, өтелімдік мерзімі, әрине, жоспарланған мерзімге қарағанда көп болады. Бірақ дәл цифрды атай алмаймын. Егер мұнай бағасы бір баррельге 100 доллардан төмен түспейтін болса, онда қаржыны қайтару міндетті болады.

– Егер жобаға қатысушылардың бірі – ұлттық «ҚМГ» компаниясы екенін ескерсек, онда Қашағандағы мұнай өндіру тоқтаған кезеңде қазақстандық экономика күніне қанша жоғалтады?

– Шығындар өндірілмеген мұнай көлеміне тең. Бастапқы кезеңде мұнай өндіру күніне 180 мың баррельдей құрауы тиіс. Яғни, күн сайын 18-20 млн доллар жоғалтамыз.

– Сіздіңше, ҚР-ның үшжылдық бюджетіне салынған бір баррель мұнай бағасының 90 доллар болуы қаншалықты шындыққа сай келеді?

– Жалпы, шындыққа негізделген. Тіпті күмәнмен алынған, бірақ бағаның қалай болатыны келесі жылдың басында анық болады. Сол кезде мұнай бағасына ықпал ететін оқиғалар орын алады.

 

БАҒАМДЫ БАҚЫЛАҢЫЗ

Экономист Петр СВОИКТІҢ пікірінше, Қашағандағы мұнай өндіре бастауды кейінге шегеру теңгенің девальвациясына ұрындыруы мүмкін.

– Қашаған бойынша Өнім бөлінісі туралы келісім (ӨБК) жасалды, мұндай келісімшарттарды тек өте баяу дамыған елдер ғана жасайтыны баршаға аян. ӨБК мәнісі – жоба стандарттық ұлттық салықтық немесе кез келген заңнамадан тысқары болады. Мемлекеттің осы Консорциумға қатысты бүкіл қарым-қатынасы осы ӨБК-мен құпия түрде белгіленеді. Сондықтан біз тек ол жерде не жазылғанын жанама түрде ғана жорамалдай аламыз.

Алайда, алдымен Консорциумның бүкіл ақшаны барлауға, кенішті ұйымдастыру мен техникалық іске қосуға жұмсап, содан кейін мұнай өндірудің алғашқы жылдарында өндірілетін мұнай есебінен бүкіл шығындарды өзіне қайтарып алатыны белгілі. Қазақстан өз табысын тек инвесторлар бүкіл өз инвестицияларын қайтарып алып болғаннан кейін ғана алады.

Олай болса, Консорциум сметаны азайтуға қатты қам жеп отырған жоқ, керісінше, сметаны көбейтуге мүдделі боп отырған сыңайлы. Қалай дегенмен де, жабдықтарды жеткізу, іздеу немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарын Консорциумға қатысушылармен үлестес компаниялар жүзеге асырады. Сондықтан қанша көп шығын жұмсалса, соғұрлым жақсы болмақ.

Жобаға өте салиқалы компаниялардың қатысатындығына қарамастан жеңіл-желпі тәсілдердің қолданылатынын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, бір жағынан оператор компания сметаның қымбаттағанына немқұрайлы қарауы мүмкін, ал екінші жағынан неліктен «өзіне жақын» орындаушыға көмектесіп, аса сенімді емес тұрбаларды қолдануға рұқсат бермеске, осылайша қазір орын алып отырғандай, сапасына зиян келтіре отырып, бүкіл жұмыстарды арзандатпасқа деуі мүмкін.

Бұл жобаға Ұлттық ҚМГ компаниясының қатысуы тек нышандық сипатта ғана. Олардың жобадағы үлесі өте кішкентай – 20 пайыздан аз. Бастысы, біздің компания мен мамандардан қазымырланған техникалық сауатты қадағалауды талап ету қиын. Біз бүкіл жүйеміздің қаншалықты сыбайласқан жүйе екенін, біздің адамдардың ақшаны «иемденіп алуға» дағдыланғанын және оның салдарына жауап беретіндер аз екенін білеміз ғой. Сондықтан да бұл олқылықтары бар құрылыс болды. Бір жағынан, әрине, өте күрделі әрі қымбат тұратын жобаның «іске қосу-реттеу» проблемасынсыз болмайтындығын табиғи құбылыс деуге болады. Ал екінші жағынан, өмірімнің бірінші жартысында жылу жүйелерінде, дәнекерлеуде, тұрба құбырларын салу мен пайдалануға қатысты тікелей жұмыс жасаған адам ретінде айтарым, мені таң қалдыратыны – бар болғаны газ құбыры дәнекерленді, ал ол аяқ астынан «бүлініп» қалады, бұл, тіпті кеңес дәуірінде де оғаш көрінер еді. Сондықтан да бұл осылайша кейінге шегеру жалғасып жатқан бірінші жағдай.

Екінші жағдай. Осынау алып құрылыс салынып жатқанда, мұнай нарығы сатушылар нарығынан сатып алушылар нарығына айналды. Яғни, Қашаған кенішінің шұғыл іске қосылып, әлемдік нарыққа жаппай мұнай жеткізуіне аса бір қажеттілік жоқ. Оның үстіне қашағандық мұнай өте алыста және тиісінше, басқа кеніштердегі мұнаймен салыстырғанда өте қымбат әрі өте күрделі. Ирак немесе Ливия мұнайына қарсы бәсекелестікке мүлдем қабілетті емес, қашағандық баррель анағұрлым қымбатқа түседі.

Сондықтан Консорциум үшін бұл жерде де қиындықтар тұр. Ол асықпай, өз салымын қайтарып ала бастауы тиіс. Қазақстандық биліктің оларға қатты ашуланып, бітпейтін шегерулеріне реніш білдіретіні түсінікті. Алайда, бұл кідірістер Консорциумның өзін де қатты ызаландыратын секілді. Шамасы, олардың қанша өндіретіндігі, қанша жеткізетіндігі және салымдарын қалай қайтарып алатындығы туралы нақты жоспарлары жоқ секілді. Олар да «уақыт өте көрерміз» деген принциппен әрекет етуде. Осылайша мұның бәрі ұзап кетіп жатыр.

– Осының бәрі қазақстандық экономикаға қалай әсер етеді?

– Өте жағымсыз, мүлдем басқаша әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені қазірдің өзінде өндіріп, сата бастаса да, бұл бәрібір өте аз көлем болар еді. Оған қоса, көп бөлігі инвестицияны қайтаруға жұмсалар еді. Яғни, өндіру басталған жағдайда қазақстандық бюджетке де, ҚМГ-ге де аса көп пайда болмайды. Ал бұл жердегі жағымсыз әсерге келер болсақ, қазіргі Қазақстанның сыртқы төлем балансы осы жылдар бойына мұнайдың жоғарғы бағасы есебінен оң сальдомен, сондай-ақ, шетелдік инвестициялардың түсімі мен бұрын салынған инвестициялардан түскен табыстарды шетелге шығару арасындағы айырмашылықтың арқасында тұрақты сақталып тұрған еді. Ал осылайша шетке шығару өте көп жүргізілді. Мәселен, өткен жылдың мәліметі бойынша, бұл жылына 28 млрд доллар шамасында болған. Алайда жаңа инвестициялар түсімі, құдайға шүкір, әзірге одан да көп болып отыр. Тиісінше, бізде Қазақстанның жалпы төлем балансына қатысты жайсыздықтар жоқ. Ал бұл түсімдер қайдан келіп жатыр? Негізінен Қашаған есебінен келіп жатыр. Салынып жатқан кезде Қашағанға жаппай қаржы салу Қазақстанның оң төлем балансын сақтап тұрды. Соған сәйкес, теңге бағамы да тұрақты болды. 

Қашағанды іске қосуға қатысты кідірістер, әрине, елді мұнай түсімдерімен толықтырмайды. Ал инвестиция көлемінің азаюына сәйкес белгілі бір тәуекелді құрайды. Мен қазірдің өзінде біртіндеп девальвацияланып бара жатқан теңге бағамын меңзеп отырмын. Әзірге қашан екені түсініксіз, бірақ бәрібір теңгені девальвациялауға тура келеді.  Бәлкім, президент биліктің транзиттеу жоспарын жүзеге асырғаннан кейін шығар. Алайда Қазақстанға инвестиция салу нормасының азаюы катализатор рөлін атқаруы мүмкін. Сол кезде бәлкім, теңгенің девальвациясына ертерек көшуге тура келетін шығар.

– Батыс компанияларына Қашаған секілді қай жағынан да күрделі кенішті қолға алудың мәні қандай?

– Бұл жерде экономика ғана емес, саясат та билік құрып отыр. Сондықтан Консорциум үшін әуел бастан Каспийге бірінші боп кіру, нығайып, ол жерге қытайлықтарды кіргізбеу маңызды болды. Өздерінің тірек базасын құру керек болды, олар соны жасады да. Бұл тұрғыда экономика мәселелері – олардың осынау қомақты ақшаны қалай қайтарып алатындығы өзінің маңыздылығы бойынша екінші орында еді. Бастапқы орында – мұнайлы Каспий өңіріне қатысу болды.

– Бірақ қытайлықтар кірді ғой?

– Кірді, өйткені олар өз ісін біледі. Олар төтенше табандылықпен және сауатты түрде әрекет етті. Сөйтіп олар біртіндеп Қызылорда  (Құмкөл) арқылы, содан соң Ақтөбе (Жаңажол) арқылы алдымен Каспий теңізінің жағалауына шығып, содан соң ақырындап қайраңға орнығып алды. Тұрбаны да олар осылайша мұқият, ептілікпен жүргізіп, оның өткізу қабілетін көбейтетін болады. Бұл тұрбаға Қазақстан істікке қадалғандай берік шаншылып тұр.

 

УОЛЛ-СТРИТ МАЗАЛАНУДА

Үстіміздегі жылдың 8 қарашасында Wall Street Journal басылымы «Алып Қашаған мұнай кенішіндегі мұнай өндіру келесі жылға дейін жанданбайды» деген атаумен мақала жариялады. «Ұзақ уақытқа тоқтау Консорциум операторы NCOC үшін кері кетушілікті білдіреді» және «дүние жүзіндегі ең ірі өнеркәсіптік жобалардың біріне көлеңке түсіреді» деп, жазды американдық басылым. WSJ ақпараты бойынша, ақаулы газ құбырындағы газ кеткен жерді анықтауға арналған жабдық учаскеге қарашаның ортасына қарай жеткізіледі екен. Ал тұрба құбырына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мамандардың ұсынысын Қашаған операторы тек желтоқсанда ғана алмақ. Басылымда жазылғандай, алдағы тексеру жұмыстарының алдында ақаулы тұрба құбырын ауыстыруға қанша уақыт қажет екендігін білу міндеті тұр.

 

P.S. ӘҢГІМЕ ТЕК ТҰРБАДА ҒАНА ЕМЕС

Біздің дереккөздеріміз растап отырғандай, газ құбырынан газ кеткен, бірақ мұнай өндіруді кейінге қалдыруға тек бұл ғана себеп емес екен. Күкіртсутекті коррозияға немесе тұрба сапасына байланысты проблемаларға шамадан тыс назар аударылып отыр. Ал бұл әдейі жасалуы мүмкін. Өйткені мұнай құбыры сондай тұрбалардан тұрады, алайда, неліктен екені белгісіз, тек газ құбырынан ғана газ кетіп отыр. Дереккөздер теңіз бен құрлықтың өндірістік нысандарындағы проблемалар туралы тілге тиек ету керек деп есептейді. Соңғы төтенше жағдайдың хронологиясын еске алайық (NCOC-тың баспасөз релизінен): «9 қазанда таңертеңгі сағат 9-да D аралының өндірістік нысандарында техникалық іркіліс орын алды». «9 қазанда түстен кейін D аралынан «Болашақ» зауытына дейін жүргізілген газ құбырын жоспарлы тексеру барысында зауыттан 2 шақырымдай қашықтықта газдың кету белгілері анықталды».

Қашаған мен Қарабатандағы мамандардың көпшілігі теңіз бен құрлықтағы нысандар 2013 жылы коммерциялық тұрғыда мұнай өндіре бастауға дайын еместігіне сенімді. Бұл басты проблема. Сондықтан кейінге шегерілетіні сөзсіз. Бұл көптеген олқылықтарды жою үшін қажет.

...Үстіміздегі жылдың 11 қарашасында Ресейдің интернеттік БАҚ-тары Total компаниясының (Консорциум қатысушыларының бірі) бас директоры Кристоф де МАРЖЕРИДІҢ сөзін таратты. «Бұл жай тұрбаны жөндеуден гөрі, анағұрлым салмақты мәселе», - деді ол Әбу-Дабидегі баспасөз конференциясында Қашағанда айтарлықтай проблемалардың бар екендігін осылайша растап.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 қараша 2013, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.