Атырау, 29 қыркүйек 17:48
 дождьВ Атырау +24.4
$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

​Құлсарыда қоқыс қалдықтары жайрап жатыр

Сурет Бейнежазба
128 рет қаралды

Жылыой ауданы  Құлсары қаласы "Аэропорт" ықшамауданына іргелес үлкен шұңқырда қоқыс қалдықтары жайрап жатыр. Қасына жақындау мүмкін емес, жағымсыз иіс мүңкіп тұр. 

Бұл карьер 2024 жылғы су тасқыны кезінде пайда болған. Қаланы су басу кезінде ол жерден топырақ алыныпты. Бірақ екі жыл өтсе де карьерді жабу мүмкін болмапты. Мал мен ит, мысықтың өлекселері, тұрмыстық қалдықтар тау-тау болып үйіліп жатыр. Аяқ алып жүру мүмкін емес. 

Қоғам белсендісі Бекет Құлбаев бұл жерге қоқысты тек тұрғындар ғана әкелмейтінін айтады. Ол бұл жерден  «Жылыойтазалық» ЖШС-нің көлігін байқаған. Жүргізушінің айтуынша, ол мұнда «басшылықтың тапсырмасымен» келген.

— Қалада тұрмыстық қалдықтарды шығаратын екі мекеменің полигондары бар. Оның біреуі осы "Жылыойтазалық" ЖШС-не тиесілі. Сонда апармай қалдықтарды мында төккені шектен шыққандық қой. Бұған кім рұқсат берді. Әкеліп осында төгіп жатыр, мұны бақылайтын құзырлы орындар не дер екен. Ал тұрғындар иістен тұншығып отыр, — дейді Құлбаев. 

Айтса айтқандай атшаптырым шұңқырдың іші мен айналасы толған түрлі тұрмыс қалдықтары. Целлофандар ұшып қалаға жеткен. 

"АЖ" сайтының тілшісі "Жылыойтазалық" ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахмановқа хабарласты. Ол мекеменің карьерді пайдаланып отырғанын жасырмады. 

— Екі жыл бұрынғы су тасқыны кезінде айналадан топырақ алынып, бөгеттер соғылды. Мынау соның біреуі. Бұл жерге қала тұрғындары да бар қалдықтарды төгіп жатқанына біраз болды. Жасырмаймын, біз де бұзылған үй қоқыстары мен қалдықтарын осында төгіп жатырмыз. Себебі, қалдықтармен шұңқырды толтырып, үстін рекультивизация жасап, топырақпен жабамыз, — дейді Абдрахманов. 

Оның айтуынша, қала тұрғындарының кейбіреулері тасқыннан кейін көшіп кеткенімен үйлерін де бұзбай, құрылыс материалдарын жинамай тастап кеткен. Енді оны тазарту осы мекемеге жүктелген. Бұл жерге үйдің құрылыс материалын төгіп жатыр, басқа қалдықтар арнайы полигонға төгіледі дейді директор.

Жалпы су тасқыны кезінде топырақ алынған  ашық-шашық жатқан карьерлер бар. ЖШС директорының айтуынша осындай әдіспен 2 карьерді жапқан.

Дегенмен, карьердің қандай негізде қалдықтарды орналастыру үшін пайдаланылып жатқаны, оны рекультивациялаудың бекітілген жобасы бар-жоғы және бұл жерге тұрмыстық қоқыс пен жануарлар өлекселерін тасуға рұқсат берілген-берілмегені әлі де ашық сұрақ болып қалып отыр. «АЖ» бұл сұрақтарды Жылыой ауданының әкімдігіне және Экология департаментіне жолдайды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет Б. Құлбаевтыкі

Бүгін, 16:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.