
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының (ACIK) президенті Марко Береттамен кездесті.
Тараптар өңір мен Италия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту жолдарын қарастырды.
Марко Беретта ENI, Ansaldo Energia, Tecnimont секілді 60-қа жуық италиялық компанияны біріктіретін қауымдастықтың жұмысы туралы айтып, жергілікті қамту үлесінің артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Атыраудағы Zharyq Academy қызметі талқыланып, жыл сайын жергілікті мамандардың мұнай-газ саласына даярлықтан өтетіні айтылды.
Кездесуде шикізаттық емес бағыттарды дамытуға ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қосылған құны жоғары тауар шығару, туризм индустриясын дамыту және Атырау мен Италия арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі сөз болды.
Болат Ақшолақов өңір экономикасын әртараптандыруға мүдделі екенін айтып, Атыраудың мұнай-газдан бөлек басқа салалар үшін де маңызды орталыққа айнала алатынын атап өтті.
Сонымен қатар аймақтағы мұнай өңдеу кәсіпорнының қуатын пайдалана отырып, майлы дақылдар негізінде экологиялық таза авиациялық отын өндіру жобасы қаралды. Тараптар Атырауда италиялық компаниялардың қатысуымен халықаралық инвестициялық форум өткізуге уағдаласты.
В Атырау +21.3