Атырау, 24 қыркүйек 18:34
 дождьВ Атырау +27.9
$ 445.65
€ 508.71
₽ 5.30

​Атырауда жолдарды қысқа әзірлеп жатыр

83 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Атырау облысындағы 1 115,6 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Қазір жолдарға себетін инертті материалдардың басым бөлігі әзірленіп, 43 арнайы техника сақадай сай дайын тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Өңірде қысқы кезеңге барлығы 14 425 текше метр құм және 8 629 тонна техникалық тұз қорын жинау жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8 575 текше метр құмы мен 5 759 тонна тұзы қоймаларға түсті. Қалған материалдарды әзірлеу қазан айында толық аяқталады.

Атырау облысындағы республикалық жолдарды жыл бойы күтіп ұстау жауапкершілігі «ҚАЖсервис» ЖШС-не жүктелген. «ҚазАвтоЖол» ҰК АОФ Пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Айбат Ибатовтың айтуынша, кәсіпорынның Атырау қаласы, Махамбет, Құрманғазы, Мақат аудандарында 4 жол пайдалану учаскесі және Жылыой, Сағыз, Индер елді мекендерінде 3 жол пайдалану бөлімі жұмыс істейді. Биыл Аққыстау ауылында тағы бір жаңа бөлім ашу жоспарланып отыр.

Қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстауға 80-нен астам маман мен 43 арнайы техника жұмылдырылады. Арнайы техника паркінде 18 комбинирленген жол машинасы (КДМ), 7 автогрейдер, 9 трактор мен 9 тиегіш бар. Бұған қоса, 15 қазанға дейін қауіпті учаскелерге 75 жаңа жол белгісі орнатылады.

Ауа райы күрт нашарлаған сәтте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті, Әкімшілік полиция басқармасы, «ҚазАвтоЖол» және «ҚАЖсервис» мекемелері бірлесіп әрекет етеді.

Бүгін, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.