
Атырау тұрғыны Шынар Құсайынова Геолог кентінде орналасқан Қ. И. Сәтбаев атындағы орта мектепте информатика мен көркем еңбек сабақтарының қалай өтіп жатқанына шағымданып, Білім басқармасына жүгінді. Оның баласы мұнда 8-сыныпта оқиды.
Баланың анасының айтуынша, информатика сабағында оқушылар негізінен тапсырмаларды дәптерге орындайды, ал компьютерде іс жүзінде жұмыс істемейді. Сол секілді көркем еңбек сабақтары бойынша да сұрақтар туындаған.
— XXI ғасыр, цифрландыру жылы болып жатқанда, балалар информатика сабағында компьютерде жұмыс істемейді. Егер бүгінде көбі информатика мен математиканы таңдайтын болса, ертең олардан қалай IT-маман шықпақ? Еңбек сабағы бойынша да түсініксіз: балалар не жай ғана отырады, не қағазға сурет салады. Еңбек сабағы қашан сурет салуға айналып кеткен? Бұл сабақтардың сапасын кім бақылайды? — дейді Шынар Құсайынова.
Ата-ананың шағымына мектеп әкімшілігі жауап берді. Онда бірінші тоқсанда «Информатика және жасанды интеллект» пәні бойынша сабақтар расымен де басым түрде жазбаша өтуі мүмкін екені түсіндірілді.
Мектептің мәліметінше, бұл оқу бағдарламасымен және әдістемелік ұсынымдармен қарастырылған: 5–10-сыныптарда бірінші тоқсанда балалар логикалық және жазбаша тапсырмаларды орындайды, соның ішінде алгоритмдер мен санау жүйелерін үйренеді.
— Оқушы компьютерге отырмас бұрын, процестің логикасын қағаз бетінде түсінуі тиіс. Компьютердегі практикалық жұмыс екінші тоқсаннан басталады. Бұл баланың кодты жай ғана механикалық түрде көшіріп қоймай, не жазып жатқанын түсінуі үшін қажет, — деп хабарлады мектеп әкімшілігі.
Көркем еңбекке келсек, қазір сегізінші сынып оқушылары «Сәндік-қолданбалы өнер» бөлімін өтіп, «Мозаикалық панно» тақырыбы бойынша жұмыс істеп жатыр. Әкімшіліктегілер әйел айтқан сурет салу тәжірибелік жұмыстың эскизі әрі бастапқы кезеңі екенін түсіндірді.
Сондай-ақ мектепте педагогтерге сабақтың мақсаты мен тапсырмаларды орындау жүйелілігін оқушыларға алдын ала әрі түсінікті етіп түсіндіріп отыру қажеттілігі қосымша ескертілетіні хабарланды.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +24.3