Атырау, 23 қыркүйек 18:08
 дождьВ Атырау +32
$ 447.85
€ 513.46
₽ 5.31

«BIRLIK-2026»: апатқа дайындық пысықталды

71 рет қаралды

Каспий теңізіндегі мұнай кен орындарының түрлі төтенше жағдайлардан қорғалуы – күн тәртібіндегі маңызды талаптың бірі. Отандық әрі шетелдік серіктестердің қызметкерлерді, арнайы жабдықтар мен ұңғыманы бақылау мен апат салдарын жоюға қажет ресурстарын шұғыл жұмылдыру мүмкіндіктерін тексеруі – тұрақты түрде өтіп отыратын даярлық іс-шарасы.

Осы орайда, Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы кезекті дайындық барысын пысықтап, 3-ші деңгейлі «Birlik-2026» үш күндік оқу-жаттығуын ойдағыдай аяқтады.

Компанияның екі өндірістік нысаны – Атырау облысындағы Қашаған кен орнының теңіздегі өндірістік кешені мен Маңғыстау облысындағы теңіз операцияларын қолдау базасында өткен іс-шара барысында апаттық жағдайлар барынша шынайы үлгіде орындалып, оның салдарын жою стратегияларының тиімділігі тексерілді. Атап айтқанда, гидравликалық басқару жүйесі арқылы ұңғыманы тұмшалау шаралары жүзеге асырылып, қашықтан басқарылатын робот қондырғымен ұңғыманы суыту технологиялары тексеріліп, шартты түрде пайдаланылған дрон мен арнайы тұтандыру құралдары арқылы ұңғыманы тұтандыру процедурасы көрсетілді.

Мемлекеттік органдардың апаттық жағдайлар саласындағы корпоративтік жоспарлары мен салалық стандарттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілген оқу-жаттығу барысында NCOC компаниясының төтенше жағдайларды жою тобының мүмкіндіктері, төтенше жағдайлар мен дағдарысты жағдайларды басқару топтарының және өңірлік жедел штабтың өзара әрекет ету үйлесімділігі бағаланды. Сонымен қатар өндірістік нысандардағы апат кезінде персонал мен ресурстарды мобилизациялау жұмысы жүргізілді.

NCOC компаниясының бұрғылау жөніндегі директоры Григорий Дашковскийдің айтуынша,  консорциумның төтенше жағдайларға ден қою жоспарлары мұнай-газ саласындағы халықаралық үздік тәжірибелер мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи ғылыми-техникалық тәсілдерін ескере отырып әзірленген. Үш күндік оқу-жаттығу ойдағыдай аяқталғанын тілге тиек еткен ол жүйелі түрде өтетін ауқымды мұндай іс-шаралар қолданыстағы процедуралардың тиімділігін тексеруге ғана емес, мамандар, мердігерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті жетілдіруге де мүмкіндік береді.

«Әрекет ету сценарийлерін тәжірибе жүзінде сынау мен арнайы құрал-жабдықты жұмылдыру – халықаралық озық тәжірибелер мен Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес төтенше жағдайларға ден қоюға даярлықты қамтамасыз етудің ең маңызды шарттары», деді ол.

Оқу-жаттығу нәтижелері NCOC компаниясының орын алуы ықтимал төтенше жағдайларды еңсеруге дайын екенін көрсетті. Бұған қоса, мемлекеттік органдар мен серіктестер арасында өзара әрекет жасау тиімділігі, персоналды, қоршаған орта мен өндірістік нысандарды қорғау үшін қажетті күштер мен құралдарды тез жұмылдыру қабілеті айқын көрініс тапты.

Төтенше жағдайлар министрлігімен, Атырау облысының әкімдігімен және төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі облыстық командалық орталыққа кіретін басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырылған жаттығуға NCOC компаниясының, мердігер ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, қазақстандық және халықаралық мамандандырылған қызмет және жабдық жеткізушілерінің қызметкерлері, сондай-ақ NCOC акционерлерінің атынан бақылаушылар қатысты.

 

 

 

Бүгін, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.