
Облыс әкімі Болат Ақшолақов «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС мамандарымен, гидрогеологтармен және сарапшылармен бірге өзендегі гидрологиялық процестерді кешенді зерттеу, шөгінділердің жиналу себептері және су нысандарының жағдайын жақсарту жолдарын қарады.
Сарапшылардың алдын ала талдауына сәйкес, Жайықтың ағысы табиғи түрде төмен болғандықтан, шөгінділер көп жиналып, судың лайлануына әсер етеді. Бұл су тазарту құрылыстарының жұмысына да ықпал етеді. Мамандар түп тереңдету жұмыстары алдында гидродинамикалық модельдеу жүргізілмесе, өзеннің табиғи режимі өзгеріп, кей учаскелердің шайылу қаупі артатынын ескертті.
Жиында арнаны зерттеу, сынамалар алу, су қозғалысын модельдеу бойынша қосымша ғылыми жұмыстар жүргізу ұсынылды. Сонымен қатар шөгінділерді азайту, жағалауды бекіту және су ресурстарын тиімді басқару шаралары талқыланды. Тасқын су жүрісінің тарихи жолдарын зерттеу бөлек бағыт ретінде белгіленді. Әкім қауіпті аумақтарды картаға түсіріп, деректерді кадастрға енгізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, жасанды су қоймасын құру мүмкіндігі қаралды. Ақшолақов мұндай шешімдерде отандық және халықаралық тәжірибені ескеру қажеттігін айтты. Ол табиғи процестерді түсіну маңызды екенін, инженерлік шешімдерде судың табиғи динамикасы міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.
Кездесу соңында ғылыми ұйымдармен бірлескен жұмысты жалғастыру, архивтік деректерді дайындау және зерттеулерді қаржыландыру үшін мемлекеттік гранттарға қатысу тапсырылды. Жайықты кешенді зерттеу өңірдің су ресурстарын сақтау мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.
В Атырау +25.6