
Атырау қаласының іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округіндегі бірінен соң бірі әлсіреп құлаған малдың өлімі мал анаэробты энтеротоксемия деген аурудан болғаны белгілі болды. Бұл туралы редакцияға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Басқарманың баспасөз хатшысы Ақтілек Нұроллаева мамандарға сілтеп, бұл - малдың асқазан-ішек жолында көбейетін Clostridium бактерияларының токсиндері әсерінен дамитын, жіті өтетін жұқпалы ауру екенін айтады.
- Бұл аурумен көбне қой-ешкі — әсіресе қозылар мен лақтар, бұзаулар, тоқтылар, кей жағдайда ересек малдар ауырады. Негізгі қоздырғыштары - көбіне Clostridium perfringens (A, B, C, D типтері) токсиндерімен байланысты. Ауру белгілері: кенеттен өлуі мүмкін; әлсіздік, тәбетінің төмендеуі; іш өту, кейде қан аралас нәжіс; іштің кебуі, іш ауыруы; жүйке жүйесінің бұзылыстары, тырысу; қозыларда/лақтарда ауру өте жылдам өтіп, кейде клиникалық белгі байқалмай өліммен аяқталады, - дейді А.Нұроллаева.
Атырау қаласына қарасты Кеңөзек ауылдық округінде мал өлімі былтыр басталып, биыл да қайталанып отыр. Шаруалар малдың өлім себебі әлі анықталмағанына алаңдаған.
Атырау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Ықылас Азаматовтың сөзінше, биыл Кеңөзек ауылдық округіне қарасты төрт шаруа қожалығында 11 бас ірі қара өлген. Өлген малдарға тиісті актілер жасалған.
Атырау қалалық ветеринариялық станциясы бұған дейін өлімінің нақты себебін анықтау үшін патологиялық материалдар мен қан сынамалары Астанадағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберіліп, зерттеу нәтижесі бойынша жұқпалы ауру анықталған жағдайда, ауру түріне қарай шектеу немесе карантин енгізіледі деп хабарлаған.
Станция басшысы Ықылас Азаматов Кеңөзек ауылдық округінің Тасқала елді мекені аумағындағы су көздерінен алынған сынамалар зертханалық тексеруден өтіп, улы заттар анықталмаған деп отыр. Сондай-ақ пастереллез, пироплазмоз және лептоспирозға қатысты алынған патологиялық материалдар мен қан сынамаларынан аталған аурулардың қоздырғыштары анықталмаған.
Ал өткен жылы жағдай басқаша болған. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы А. Бахтияровтың мәліметінше, 2025 жылы округте ірі қара мал өлімінің сегіз оқиғасы тіркелген. Өлген сиырдың бірінен алынған патологиялық материалдан зертханалық жолмен эмфизематозды карбункул расталды. Осыдан кейін мамандар эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізді.
Осылайша, әңгіме Кеңөзекте қатарынан екі жыл тіркелген бір ауру туралы болып отырған жоқ: өткен жылғы оқиғалардың бірінде эмкарбункул расталса, ауыл шаруашылығы басқармасы малдың биылғы өліміне анаэробты энтеротоксемия себеп болғанын айтады.
Басқарманың мәліметінше, қазір ахуал тұрақты, мал өлімі кейін тіркелмеген, соған байланысты елдімекенде де шектеу енгізілмеген.
Тұрғындар арасында жергілікті шаруашылық өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты бөлек сұрақ туындады. Ветеринариялық қызмет сүт пен сүт өнімдері бақылауда екенін, зертханалық зерттеулерден өтетінін және тиісті қорытынды мен ветеринариялық құжаттар болған жағдайда ғана сатуға рұқсат етілетінін хабарлады.
Шаруа қожалықтары арасында Кеңөзектегі жағдай Құрманғазы ауданының Сафон ауылдық округінде таяуда болған мал өлімімен байланысты болуы мүмкін деген қауіп туындады. Облыстық ветеринариялық инспекция мұндай байланысты растамайды.
Бахтияровтың айтуынша, Сафон және Кеңөзек ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылық жануарларының жайылымы әр жерде орналасқан арасында бірнеше шақырым қашықтық бар. Сонымен қатар, соңғы 6 ай көлемінде Сафон және Кеңөзек ауылдық округтері арасында тікелей мал тасымалы және аталған ауылдық округтердің тұрғындары арасында мал сату және сатып алу жағдайлары тіркелмеген.
Сафон ауылдық округіндегі малдың нақты қандай себеппен ауырып өлгенін анықтау мақсатында 27 тамыз күні «Республикалық ветеринариялық зертхана» Атырау облыстық филиалына пироплазмоз ауруына күдіктеніп паразитологиялық зерттеу үшін сынама жіберілген. Алайда 28 тамыз күні зерттеудің нәтижесі бойынша қоздырғыш анықталмаған.
Сафон ауылдық округінен өлген малдан аса қауіпті жұқпалы ауруларға патологиялық материалдар алынып, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына зерттеуге жолданған.
Қазір ауырып тұрған ауыл шаруашылық жануарлары ветеринариялық дәрігерлердің бақылауында. Инспекцияның мәліметі бойынша, ауырған малдарға антибиотиктер егіліп, симптоматикалық емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Емдеу нәтижесінде ауырған малдар сауығып кетіп жатыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +17.5