Атырау, 21 қыркүйек 18:23
 дождьВ Атырау +29.5
$ 446.56
€ 512.34
₽ 5.30

​Атырауда қала аумағының 80 пайызын кәріз жүйесімен қамтитын жаңа тұжырымдама ұсынылды

92 рет қаралды
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атырау қаласының 80 пайызға жуық аумағы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Шаһардағы су бұру инфрақұрылымын толық жаңартып, жерасты суларының деңгейін төмендету үшін 5 кезеңнен тұратын арнайы тұжырымдама әзірленді.

Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында жобаның алдын ала нұсқасы таныстырылды. Жаңа жүйе қаланың тозығы жеткен инфрақұрылымын реттеп, жерасты суының көтерілуін тоқтатуға бағытталған.

Заманауи технологиялар құрылыс уақытын қысқартады

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, жобада әйнекті пластиктен жасалған оқшау шағын кәріз-сорғы стансалары мен көлденең бағытта бұрғылау технологиясын қолдану ұсынылып отыр. Бұл инженерлік шешімдер құрылыс мерзімін қысқартып, қала тынысына кедергі келтірмей, су бұру жүйесінің тиімділігін арттырады.

Жобаны іске асырудың 5 кезеңі

Жүйені дамыту жұмыстары бес негізгі бағыт бойынша жүргізіледі:

  • 1-кезең: Талғайран ауылы бағытындағы елді мекендерді қамтиды. Қазір «Жұлдыз» шағынауданындағы ішкі кәріз желісі 70 пайызға дайын, ал негізгі сорғы стансасының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. «Мирас» шағынауданындағы жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар қаланың ескі бөлігіне арналған сорғы стансасын қалалық саябақ ауданында салу жоспарланған.

  • 2-кезең: Еркінқала ауылы мен «Ерік Мостовой» арнасына іргелес аумақтарда су бұру желісі тартылады.

  • 3-кезең: «Атырау» және «Жерұйық» шағынаудандары қаланың ескі бөлігіндегі жүйеге қосылады.

  • 4-кезең: Дамбы бағытын, соның ішінде Құрманғазы мен Жаңаталап ауылдарын қамтиды. Бұл аумақтарда жаңа желілер тартылып, шағын сорғы стансалары салынады.

  • 5-кезең: «Береке» және «Алмалы» шағынаудандарында жаңа сорғы стансасы бой көтеріп, ақаба сулар кәріздік тазарту қондырғыларына бағытталады.

Инфрақұрылым кешенді түрде жаңарады

Облыс әкімі Болат Ақшолақов тұжырымдаманың қаржылық және ұйымдастырушылық тұстарын ескере отырып, жобаны одан әрі пысықтауды тапсырды. Осы мақсатта өңір басшысының орынбасары жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылады. Жақын арада жобаны іске асырудың нақты мерзімдері мен қаржыландыру көздері көрсетілген Жол картасы бекітілмек.

Сонымен бірге өңір басшысы кәріз желілерін жүргізумен қатар, сол аумақтардағы электр желілерін де жер астына көшіруді жүктеді. Бұл кейін жолдарды қайта қазбауға, инженерлік желілерді кешенді дамытуға және электрмен қамту сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгін, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.