Атырау, 18 қыркүйек 21:57
 дождьВ Атырау +22.8
$ 444.58
€ 510.29
₽ 5.27

Атырауды тағы кім улап отыр: адвокат АМӨЗ-ге басқа иіс көздерін анықтауға көмектесуді ұсынды

108 рет қаралды

АМӨЗ-дің мониторинг жүйелері ауадағы нормадан асу фактілерін тіркемегенін мәлімдеген тұста, адвокат Айгүл Кенжалиева зауытқа тәуелсіз зерттеулерді қаржыландыруды ұсынды. 

Оның айтуынша, мұндай зерттеулер бүкіл Атырау аумағында жүргізіліп, күкіртсутек пен жағымсыз иістің басқа ықтимал көздерін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл ұсыныс 18 қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауытында өткен экологиялық брифингте айтылды. Кенжалиева бірден атап өткендей, бастама зауытты өз шығарындылары үшін жауапкершіліктен босату емес.

Біз МӨЗ-ды ақ, кінәсіз деп отырған жоқпыз. Ол – ластаушы, өзіне тиесілі жауапкершілікті алуы тиіс. Бірақ егер зауыт өзінен басқа да көздер бар екенін көрсеткісі келсе, онда бірігіп қаланы зерттейік, – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, қоғам белсенділері бұған дейін зертханалық зерттеулерге өз қаражатымен тапсырыс берген. Ол «Квадрат» буландырғыш тоғанын және кәріз жүйесінің нысандарын мысал ретінде келтірді. Кенжалиева бұл объектілерге назар аударту үшін бірнеше жыл бойы бақылау жүргізіп, шағымданып, сотқа жүгінуге тура келгенін айтты.

Кенжалиева мұндай зерттеулердің басты қиындығы олардың қымбаттығы мен жергілікті зертханалардың мүмкіндіктерінің шектеулігі екенін айтты: барлық қажетті көрсеткіштерді жергілікті жерде анықтау мүмкін емес, сондықтан сырттан мамандарды тартуға тура келеді.

- Бізге эмоция емес, нақты деректер қажет. Лаборатория жалдап, қаланы зерттейік, сонда тағы кімнің ауаны ластап отырғанын көреміз, – деп ұсынды ол.

Адвокаттың пікірінше, мұндай жұмысты қаржыландыруды АМӨЗ өз мойнына алуы мүмкін, ал қажет болған жағдайда қаржыландыруды «Глобус» сияқты қоғамдық ұйым немесе зерттеумен айналысатын басқа құрылым арқылы жүргізуге болады.

Бұл жерде бір маңызды сұрақ туындайды: егер зерттеуді қаржыландыратын кәсіпорынның өзі ықтимал ластаушы көздердің бірі болса, онда оны қаншалықты тәуелсіз деп санауға болады. Зертхананы қалай таңдау керек, сынамаларды кім бақылайды және барлық нәтижелер ашық жариялана ма – бұл мәселелер брифингте талқыланған жоқ.

Кенжалиева мұнай өңдеу зауытының тұрақты назарда болуы ластаушы көздерге тиімді болуы мүмкін екенін айтты, өйткені олар дәл сондай қатаң бақылаудан тыс қалып отыр.

- Сізден басқалар да бар шығар, сіздерді қалқан етіп, қара істерін жасап жүргендер болуы мүмкін, – деп ол АМӨЗ өкілдеріне қарата сөйледі.

Адвокаттың айтуынша, осындай бастамамен қоғамдық ұйымдар бұрынғы зауыт басшылығына да жүгінген. Оның түсіндіруінше, ұсыныстың логикасы қарапайым: егер АМӨЗ қаладағы жағымсыз иіс тек кәсіпорыннан ғана емес, басқа көздерден де шығуы мүмкін деп мәлімдесе, мұны өзара айыптаулармен емес, жүйелі зертханалық зерттеулермен дәлелдеу қажет.

Зауыт мұндай жұмысты қаржыландыруға дайын ба деген сұраққа брифингте бірден жауап берілген жоқ. АМӨЗ-дің бас директоры Мұратжан Мұсайбеков Кенжалиеваға бөлек кездесіп, оның бастамасын егжей-тегжейлі талқылауды ұсынды.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Фото автордікі

Бүгін, 20:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.