
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында жолаушылар тасымалының қазіргі ахуалы мен даму бағыттары талқыланды.
Өңір басшысы субсидия көлемі жыл сайын артып отырғанына қарамастан, тұрғындар тарапынан қызмет сапасына қатысты шағымдардың азаймай отырғанын атап өтті.
Облыста 12 ұйым 91 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жолаушылар көлігі басқармасының дерегінше, шығындардың өсуіне жаңа бағыттардың ашылуы, жүргізушілер санының артуы, жалақы мен жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және техникалық қызметтің қымбаттауы әсер еткен. Биыл облысішілік тасымалға 1,56 млрд теңге бөлінген.
Жиында «Автобус» жүйесін толық пайдалану қажеттігі айтылды. Бұл жүйе көлік қозғалысын, кестені және жолаушылар легін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Толық енгізілген жағдайда субсидия көлемін көрсетілген қызметпен сәйкестендіруге жол ашылады.
Әкім есептіліктің әлі қолмен жүргізіліп отырғанын сынға алып, жүйені толық цифрландыруды тапсырды. Сонымен қатар инватакси қызметін де цифрлық бақылауға көшіру қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында ведомстволарға тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейту, бюджет қаржысының ашықтығын қамтамасыз ету және инватакси саласында цифрлық шешімдерді пилоттық режимде енгізу міндеттелді.
В Атырау +20.8