
Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды понтондармен — булануды азайту үшін ыдыстардың ішіне орнатылатын арнайы қалқымалы қақпақтармен жабдықтауды жалғастырып келеді.
Кәсіпорын мәліметінше, жабдықталуға тиіс 75 резервуардың 66-сы осындай құрылғылармен қамтамасыз етілген.
2018 жылы понтондар 51 резервуарға, 2022–2023 жылдары — тағы жеті, 2025 жылы — екі резервуарға орнатылды. Бұл жылы алты резервуар жабдықталды. 2026 жылдың соңына дейін тағы бес понтон орнату жоспарланып отыр, ал қалған төртеуі — экологиялық бағдарламаның келесі кезеңінде іске асырылмақ.
АМӨЗ өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай жабдықтау әрбір резервуардан көмірсутектердің бөлінуін 90%-ға азайтуға, сондай-ақ мұнай өнімдерінің шығынын қысқартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның хабарламасы атыраулықтардың ауаның ластануына қатысты шағымдары аясында жарияланды. Бұған дейін «Ақ Жайық» жазғандай, 7 қыркүйекке қараған түні бірнеше аудан тұрғындары терезелері жабық болса да пәтерлерге кіріп кеткен жағымсыз иіс туралы хабарлаған болатын. Тұрғын үй қалашығында AirKZ қосымшасы шекті рұқсат етілген концентрациясы 8 мкг/м³ болған кезде 96,7 мкг/м³ күкіртсутегін көрсеткен — бұл нормадан 12 еседен астам жоғары.
Шағымдардан кейін облыстық Экология департаменті тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, АМӨЗ-ге кешенді тексеру дайындалып жатқанын хабарлады. Кәсіпорынның өзі ол кезде жеке зертханасы ауаның 100-ден астам сынамасын зерттеп, рұқсат етілген көрсеткіштерден асып кету жағдайларын анықтамағанын мәлімдеген еді.
Экология министрлігінің мәлімдемесінде АМӨЗ ауаны күкіртсутегімен ластаушы негізгі көздердің бірі ретінде аталды. Бұл тізімге сондай-ақ «Атырау облысы Су Арнасы» кәріз нысандары, «Квадрат» булану алаңы, жылыту қазандықтары мен ЖЭО кірді. Ведомство бағалауынша, желдің баяулығы мен ластаушы заттардың таралу жылдамдығының төмендігі жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
В Атырау +25.7