Атырау, 17 қыркүйек 16:50
 дождьВ Атырау +25.7
$ 444.88
€ 513.26
₽ 5.28

​ТШО-ның жасыл жобасы: көшеттердің үштен бірі жерсінбей қалды

56 рет қаралды

Өткен жылы көктемде Атырау қаласының Геолог ықшамауданында «Теңізшевройл» ЖШС қаражат бөліп, 10 мыңға жуық көшет отырғызуға тапсырыс берген еді, оның 30%-ға жуығы курап қалды.

Көшеттер — қарағаш, шаған, үйеңкі, ақ тал, алма және өрік ағаштары — 11,7 гектар аумаққа отырғызылған болатын.

Жақында жұртшылық өкілдері көгалдандырылып жатқан учаскеде болып, мердігердің ағаштарды күтіп-баптау жұмысын сынға алды, сондай-ақ тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын атап өтті.

Ең алдымен, жиналғандар курап қалған ағаштардың көптігіне және аумақтың жалпы қанағаттанғысыз жағдайына назар аударды.

Мердігер «Тенгизстройсервис» ЖШС өкілі растағандай, жасыл желектердің 30%-ға жуығы жерсінбей қалған, бірақ олардың орнына жаңа көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл ретте келесі жылы-ақ нысан әкімдік теңгеріміне берілуі тиіс.

— Ағаш отырғызатын жер жақсы таңдалған, өйткені бұл — топырағы табиғи дренажы бар жеңіл сазды болып келетін жағалау аймағы. Бірақ мұндағы ең бастысы — бұл ағаштарды кім және қалай отырғызды, оларды қалай күтіп-баптады, — дейді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының өкілі Ғалия Сарқұлова. — Мысалы, көшеттерді отырғызу қалай жүргізілді: тамыры топырағымен бірге ме, әлде тамыр жүйесі ашық күйде ме? Біздің өңір үшін міндетті процедура болып табылатын гумат, органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізілді ме? Вегетациялық кезеңде суару қаншалықты қарқынды әрі жүйелі түрде жүзеге асырылды және бұл процесті кім бақылады?

Ағаштардың солыңқы түрі мен көптеген жерлерін арамшөп пен қурай басқан аумақ мердігер ұйымның құзыреттілігіне күмән тудырады. Ал оның штатында агроном, ағаш тұқымдарының агротехнигі, дендролог, орман шаруашылығы инженерлері, өсімдіктерді қорғау мамандары, топырақтанушылар және қазіргі заманғы суару жүйелерінің (бұл жағдайда нүктелі-жылдам суару) шеберлері болуы тиіс.

Жалпы, Ғ. Сарқұлованың пікірінше, сапардың ұйымдастырылуы аумақпен, суару жүйесімен толық танысуға және көшеттердің нақты жерсінуі мен мониторинг нәтижелері бойынша егжей-тегжейлі мәлімет алуға мүмкіндік бермеген. Көшеттерді күтіп-баптау сапасы, суарудың тұрақтылығы, жерсінуі, сондай-ақ жасыл бұрыштың әкімдікке берілгеннен кейінгі әрі қарай сақталуы басты сұрақтар болып қала береді.

Ал тапсырыс беруші бұл жағдайды аса күрделі мәселе деп санамайды. ТШО баспасөз қызметі шарт бойынша мердігер көшеттердің толық жерсінуін қамтамасыз етуге және олар қурап қалған жағдайда ауыстыруға міндетті екенін атап өтті. 

Лев ГУЗИКОВ 

Көрнекі сурет ЖИ арқылы жасалған

Бүгін, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.